19.12.2024
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс
сапары барысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. Президенттің Жолдауда
айтылған жоғары қайта өңдеуді игеру және локализация деңгейін арттыру жөніндегі
тапсырмаларының орындалу барысын тексерілді.
Премьер-министрге биылғы 11 айда Қостанай облысында өнеркәсіп
өнімін өндіру көлемі 2,5 трлн теңгеге жеткені, өңдеу өнеркәсібінің үлесі
72%-дан асқаны баяндалды. Осы жылы өңірде құны 124,7 млрд теңге болатын 6
индустриялық жоба іске асырылып, 1 301 жұмыс орны ашылды.
Caspian Steel QZ ұсақ сұрыпты илем өндіретін кәсіпорында
Олжас Бектенов технологиялық процеспен және компанияның болат дайындамасын
шығаруға бағытталған жаңа зауыт салу жөніндегі жоспарымен танысты. Жұмыс істеп
тұрған кәсіпорынның қуаты жылына 450 мың тоннаны құрайды. Осылайша, биылғы 10
айда 311,4 мың тонна болат илем және 10,9 мың тонна металл сынықтары өндірілді.
Зауыт өнімдері ішкі қажеттіліктерді өтеп, сыртқы нарыққа шығарылады. Жыл
басынан бері 32 млрд теңгеден астам сомаға 112,6 мың тонна ұсақ сұрыпты илем
экспортталды.