14.01.2025
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев
Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында «Абу Дабидің орнықты даму
апталығы» саммитіне қатысты. Жиынға орнықты дамудың жаһандық сын-қатерлерін
талқылау үшін әлем көшбасшылары мен сарапшылар келді.
Мемлекет басшысы саммитте
бірінші болып сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем климаттың өзгеруі,
қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі
секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Геосаяси
шиеленіс пен жеткізу тізбегінің бұзылуына байланысты бұл жағдай одан сайын
ушыға түсті.
Президент көлік
инфрақұрылымының маңызына тоқталды.
«Еуразия құрлығындағы жетекші
транзиттік торапқа айналған біздің ел үшін орнықты дамудың тағы бір маңызды
алғышарты – көлік және транзит саласы. Біз көлік инфрақұрылымына, атап
айтқанда, автомобиль және темір жолдарының, әуежайлар мен теңіз айлақтарының
құрылысына инвестиция салуды белсенді түрде қолға алдық. Байланыс
мүмкіндіктерінің аясын одан әрі кеңейту үшін Қазақстан Транскаспий халықаралық
көлік бағыты мен Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамытуға, сондай-ақ «Бір
белдеу, бір жол» бастамасында елеулі рөл атқаруға ниетті. Мақсатымыз –
өңіраралық қатынастарды нығайтып қана қоймай, орнықты экономикалық өсімді
қамтамасыз ететін тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыру,» – деді Мемлекет
басшысы.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-abu-dabidin-ornykty-damu-aptalygy-sammitinde-coz-soyledi-1404046