20.03.2026
Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы 20 наурыз, жұма күні Мәжіліс баспасөз қызметі хабарлады.
Құжатқа сәйкес, Алатау жеке қаржылық моделі, арнайы басқару режимі және сапалы жаңа деңгейдегі институционалдық базасы бар дербес экожүйе ретінде қарастырылады.
«Бұл нәтижеге жауап беретін бірыңғай орталық – Alatau City Authority құрылуына мүмкіндік береді. Бұл – мемлекеттік қор түріндегі әкімшілік, Үкімет құрамына кірмейтін, бірақ Премьер-Министр басқаратын кеңес жетекшілік ететін мемлекеттік орган болады», – деп түсіндірді төменгі палатада.
Сонымен қатар, мәслихат депутаттары мен әкімдік қызметкерлері қаланың әлеуметтік, коммуналдық және саяси салалардағы ағымдағы жұмысын қамтамасыз етеді.
Алатауды дамыту бастапқы кезеңнен-ақ толыққанды Smart City – «Digital by default» (цифрлық формат әдепкі) қағидатына негізделген интеллектуалды қала ретінде қалыптастыру көзделіп отыр. Барлық негізгі басқару процестері жасанды интеллект шешімдерімен терең интеграцияланған цифрлық форматта жүзеге асырылады.
Заң жобасында қала аумағында арнайы салықтық режимдердің басымдығы да бекітіледі.
2050 жылға дейін немесе қала бюджетінің өзін-өзі толық қамтамасыз етуіне қол жеткізгенге дейін Алатау бюджетінен республикалық және өзге де бюджеттерге қаражат алуына тыйым салынады.
Сонымен қатар, заң жобасы Алатау қаласының жинақталған бюджетін бекітеді. Ол жергілікті бюджет пен мемлекеттік қор бюджетін қамтиды. Жергілікті бюджет ағымдағы және әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағытталса, мемлекеттік қор қаражаты инфрақұрылым мен ұзақ мерзімді даму жобаларын қаржыландыруға жұмсалады.
Жоба аясында қаладағы жер қатынастары арнайы режиммен реттеледі. Сонымен бірге Алатаудың жер қоры қалыптастырылып, жерді айналымға енгізу ынталандырушы салық салу арқылы жүзеге асырылады.
Инвестициялық жобаларға арналған жер учаскелері Алатау резиденттеріне лицензия немесе келісімшарт негізінде берілетін болады.
Алатау қаласының дамуы 30 жылдық стратегия, 15 жылдық концептуалдық жоспар және барлық жобаларға қолданылатын қала құрылысы жоспары негізінде жүзеге асырылады. Инвесторлар үшін болжамдылықты қамтамасыз ету мақсатында концептуалдық жоспар 10 жылда бір реттен, ал қала құрылысы жоспары 5 жылда бір реттен жиі өзгертілмейді.
Сондай-ақ заң жобасы инвестицияларды қорғауды қамтамасыз етеді, кемсітушілікке тыйым салады және инвесторға МФЦА соттары мен халықаралық арбитраж арасында таңдау құқығын береді. Толығырақ сілтеме бойынша: https://forbes.kz/articles/kak-budut-razvivat-gorod-alatau-3baf99