02.06.2026
«Қаланың орнықты даму моделін қалыптастыру. Жобаны іске асыру елеулі көлемдегі капиталдық және операциялық шығындарды талап етеді. Осыған байланысты тұрақты әрі болжамды кіріс базасын қалыптастыру қажеттілігі туындайды. Қазіргі қаржылық-экономикалық модель болашақ шығыстарды жабу тұрғысынан белгілі бір тәуекелдерді қамтиды.
Инвестициялар тарту және бизнесті дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып айқындалғанымен, бұл тұрақты кіріс көзіне кепілдік бермейді және әзірге болжам мен күтілетін нәтиже деңгейінде қалып отыр.
Сонымен қатар бастапқы кезеңде көзделген жеңілдіктер салықтық түсімдердің көлемін төмендетуі мүмкін.
Бұл қаланы дамыту мен күтіп ұстауға қажетті шығындар бірден туындайтын, ал кірістер уақыт жағынан кейінге қалдырылатын немесе бастапқыда жеткіліксіз деңгейде қалыптасатын құрылымдық теңгерімсіздікке алып келуі ықтимал.
Осыған байланысты Алатауды дамыту жөніндегі кеңес пен Қала әкімшілігі ұзақ мерзімді орнықты дамуды қамтамасыз ететін тиімді қаржылық-экономикалық модель әзірлеуі қажет. Сонымен қатар қаланың стратегиялық жоспарлау саласындағы негізгі құжаттарын бекіту талап етіледі.
Инвесторлар, серіктестер және азаматтар Алатау қаласының 10, 20 және 30 жылдан кейін қандай болатынын нақты түсінуі тиіс.
Alatau City инфрақұрылым, қалалық сервистер және экономика үлкен деректер, заманауи технологиялар мен “ақылды” басқару негізінде интеграцияланған алғашқы толық цифрлық қалаға айналады. Бұл – біздің негізгі стратегиялық бағдарымыз.
Барлық стратегиялық құжаттар (ұзақ мерзімді жоспар, мастер-жоспар және даму стратегиясы) 2026 жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс. Бұл келесі жылдан бастап қаланы дамытудың белсенді кезеңіне көшуге мүмкіндік береді.
Осындай ауқымды әрі ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруда үдерістің жедел, қарқынды және ең бастысы нәтижелі басталуы ерекше маңызға ие. Егер созбалаңдыққа жол берсек, жобаның табысты жүзеге асуына қауіп төнеді.
Алматы агломерациясын дамыту қажет.
Алатау қаласының Алматыға іргелес орналасуы зор мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Әсіресе, сауда-экономика және көлік-логистика саласындағы байланыстарды едәуір кеңейтуге болады. Мұны аймақтағы билік өкілдері де, кәсіпкерлер де жақсы түсінуге тиіс деп санаймын.
Сондықтан тағы да атап өткім келеді: Алатау қаласында, ең алдымен, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау керек. Жаңа кәсіпорындар ашылса, мұнда жұрт та көбірек келіп, тұрақтай бастайды. Бұл үрдіс Алматыға жұмыс бабымен күнделікті келіп-кететін халықтың санын азайтады.
Күн сайын Алматыға облыстан 400 мыңға жуық автокөлік кіріп шығады. Алматы агломерациясындағы көлік қатынасын күшейту қажет. Соның ішінде жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүйесін белсенді дамыту керек.
Осыған орай, Алматы қаласының және Алматы облысының әкімдеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, биыл бірінші тамызға дейін «Skytrain» желісін салу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл желі қаланың шекарасынан шығысқа және батысқа қарай тартылуға тиіс.
Сондай-ақ Алатау мен Алматы қалаларын жалғайтын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесін пысықтау қажет. Жаңа шаһардың Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының бойында орналасуы және Алатау қаласын Қорғаспен қосатын темір жол тармағының жоспарлануы келешекте Алматы агломерациясының ауқымын кеңейте түседі. Яғни ауқымды облыстық кластер пайда болады. «Almaty SkyHub» заманауи мультимодальді логистика орталығы өңірдегі маңызды жобалардың бірі болмақ.
Осы ірі, өршіл жобаларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасап, инвесторларды белсенді түрде тарту керек. Қазірдің өзінде сауда-логистика орталығын және қойма инфрақұрылымын дамытуға қызығушылық танытып отырған әлеуетті серіктестердің, соның ішінде шетел компанияларының бар екенін білемін. Аталған мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажет” – деп мәлімдеді Қ.Ж. Тоқаев.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-alatau-kalasyn-damytu-zhonindegi-keneste-soylegen-sozi-253720