02.06.2026
Алатау – Қазақстандағы соңғы жылдардағы ең ауқымды жобалардың бірі. Екі жылдан астам уақыт ішінде қала ерекше мәртебеге ие болып, арнайы экономикалық аймаққа айналды және ірі инвестициялық жобаларды тартуға қол жеткізді. Болашақ мегаполистің даму барысы мен жүзеге асырылған жұмыстар туралы Kazinform шолуы.
2024 жылғы қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы облысы Іле ауданындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, Алатау қаласы болып қайта аталды.
2025 жылғы қыркүйекте Президент Алатау қаласына ерекше мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Alatau City өңірдегі толық цифрландырылған алғашқы қалаға айналып, басқару, бизнес және қалалық инфрақұрылым салаларындағы заманауи технологияларды енгізудің пилоттық алаңы болады.
Кейіннен Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласын дамыту тұжырымдамасын таныстырды. Оның айтуынша, жобаны басқару үшін Премьер-Министрдің төрағалығымен арнайы кеңес құрылады. Кеңес құрамына Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Ұлыбритания, АҚШ және Сингапурдағы ірі жобаларды іске асыруға қатысқан халықаралық сарапшылар кіреді.
Қала инвестициялар есебінен салынады
Билік өкілдері Алатау қаласының дамуында негізгі рөлді жеке инвестициялар атқаруы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті.
«Мемлекеттің міндеті – қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Бизнестің тиімді жұмыс істеуі үшін жолдар, инженерлік желілер және әлеуметтік нысандар қажет. Дәл осы мақсатта Алатау қаласына ерекше мәртебе берілді», – деп атап өткен болатын қала әкімі Аркен Өтенов.
Қанат Бозымбаевтың мәліметінше, соңғы он жылда әлемде мыңнан астам осындай аймақ құрылған. Алайда олардың шамамен 60 пайызы шамадан тыс бюрократия, дербестіктің жеткіліксіздігі және инфрақұрылымның әлсіздігі салдарынан тиімсіз болған. Бұл тәжірибе Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы Конституциялық заңды әзірлеу барысында ескерілді.
«Alatau» арнайы экономикалық аймағы
2025 жылғы желтоқсанда Үкімет «Alatau» арнайы экономикалық аймағын құру туралы қаулыға өзгерістер енгізді. Оның аумағы шамамен 99 мың гектарды құрайды. АЭА құрамына өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған аумақтар, соның ішінде әуежай қызметіне арналған жобалық аймақтар енгізілді.
2047 жылға дейін арнайы экономикалық аймаққа 1,6 триллион теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Оның ішінде бір триллион теңгеден астамы шетелдік инвестициялар болуы тиіс. Сонымен қатар 17 мың жұмыс орнын құру және 53 резидент компанияны тарту көзделген.
Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар
2026 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Алатау қаласындағы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалармен танысты. Сол кезде егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, инженерлік желілер схемалары және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жол картасы ұсынылды.
2026–2027 жылдарға арналған бірінші кезең жалпы құны 365 миллиард теңгені құрайтын 21 жобаны қамтиды. Осы кезеңде қосалқы станциялар, су тарту тораптары және газ құбырларын қоса алғанда, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және салу жоспарланған.
2028–2030 жылдарға арналған екінші кезең құны 312 миллиард теңгеден асатын тағы тоғыз жобаны іске асыруды көздейді. Олардың қатарында жаңа қосалқы станциялар, тазарту құрылыстары, газ тарату станциясы және ұзындығы шамамен 50 шақырым болатын автомобиль жолдарының құрылысы бар.
2026 жылғы 8 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы Конституциялық заңға қол қойды.
Құжат инвестициялар, инновациялар және технологиялар тартуға бағытталған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін және дербес қалалық экожүйені қалыптастыруды көздейді. Заң кәсіпкерлік, цифрлық активтер, қаржы нарығы, сәулет, экология, мәдениет, спорт және ойын бизнесі салаларындағы қатынастарды реттейді.
Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалар ала алатын «Алатау резиденті» арнайы мәртебесі енгізіледі. Резидент санатына байланысты ұсынылатын жеңілдіктер көлемі мен арнайы құқықтық режимді қолдану ерекшеліктері айқындалады.
Аэротакси және Қазақстандағы алғашқы вертипорт
Ең көп талқыланған жобалардың бірі – әуе мобильділігін дамыту бастамасы болды.
2026 жылғы 19 мамырда Қазақстанда аэротакси сынақтары ресми түрде басталды. Алғашқы демонстрациялық ұшу дәл Алатау қаласында өткізілді.
Сынақтар үшін Алматы қаласына жақын орналасқан республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойындағы алаң таңдалды. Мұнда еліміздегі алғашқы вертипорт – eVTOL үлгісіндегі әуе аппараттарының ұшып-қонуына арналған арнайы алаң салынуда.
Болашақта аталған аумақта UAM Center Eurasia орталығы және Қазақстандағы толыққанды вертипорт кешені іске қосылады.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.inform.kz/ru/aerotaksi-sez-i-osobiy-status-kak-razvivaetsya-gorod-alatau-fdcd0797