11.06.2026
ҚХР-дың Гонконг Арнайы әкімшілік ауданына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Гонконг арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ қаржы, технология және инновация салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
Сапардың іскерлік бағдарламасының жалғасы ретінде Қанат Бозымбаев пен Джон Ли Гонконгтың ірі инвестициялық қорларының, қаржы институттарының, технологиялық компаниялары мен іскерлік қауымдастықтарының өкілдерін біріктірген Alatau City Roadshow инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты.
Дөңгелек үстел аясында Alatau City Authority мен цифрлық технологиялар және инновациялар салаларындағы жетекші корпорациялар арасында ынтымақтастық туралы 6 келісім-шарт пен меморандумға қол қойылды. Алатауға инвестиция салуға Alipay цифрлық жүйесін қамтитын ANT Digital Technologies ірі финтех-компаниясы ерекше қызығушылық танытты. Бұдан басқа, Алатау сити жобаларына бастапқы кезеңде қатысуға Web3 технологиялары мен цифрлық активтерді дамыту саласындағы жетекші халықаралық ұйымдардың бірі – Solana Foundation да шешім қабылдады. Құжат Alatau City инновациялық экожүйесін дамыту, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, технологиялық стартаптарды қолдау және блокчейн-технологиялар саласында мамандар даярлау бойынша өзара іс-қимылды көздейді. Іс-сапар аясында Dasco Capital және Templewater компаниялары арасында Қазақстан мен Орталық Азия экономикасына инвестиция салу үшін бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Алатау Сити жобалары жаңа қордың инвестиция салудағы басым бағыттарының бірі болады.
Бағдарлама іс-шараларының бөлек бір бөлігі – Қанат Бозымбаевтың Гонконгтің «бизнес капитандарымен», яғни, Henderson Land, Far East Consortium, Sunwah Group, Bosera Asset Management және өңірдің басқа да ірі инвестициялық қорларының, қаржы институттары мен корпорацияларының құрылтайшыларымен кездесуі болды. Халықаралық инвесторлар серіктестікке және Алатау қаласының аумағында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://primeminister.kz/news/gonkongta-alatau-city-roadshow-investiciialyk-dongelek-usteli-otti-31510