30.06.2026
Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру.
“Жалпы, Парламент Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, тиімді жұмыс атқарды. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасы. Бұл мәселені пайымдап шешу керек. Өздеріңіз қабылдаған Бюджет және Салық кодекстеріне сәйкес еліміздің экономикалық жүйесі толығымен қайта жаңғырды және мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді. Осылайша, Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты.
Елімізде көлік, тұрмыстық техникалар, жүк вагондарын, құрылыс материалдарын және басқа да сапалы өнімдер шығаратын заманауи зауыттар ашылып жатыр. Тек 2023-2025 жылдардың ішінде 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 3,7 триллион теңге болды. Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны іске қосылмақ. Осы мақсатқа шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылады. Бұл – қазынаға түсетін салық көлемі артады, өндіріске озық технологиялар енгізіледі және ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Іске қосылған жобалардың арқасында қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қалған жобалар жүзеге асқан соң тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауға баса мән беруде. Осы мақсатқа қомақты қаржы бөлініп жатыр. Жалпы, Қазақстандағы жұмысқа жарамды азаматтардың жартысына жуығы табысын шағын және орта бизнестен тауып отыр. Соңғы бес жылда осы секторда еңбек ететін адам саны 4,5 миллионға жетті. Жалпы ішкі өнімнің 40 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Мұны рекордтық көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар. Былтыр «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге 8 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар елімізде түбегейлі жаңа Құрылыс және Су кодекстері қабылданды. Стратегиялық маңызы айрықша салаларды ретке келтіру үшін қабылданған құжаттардың маңызы зор.
Былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл да – тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Ең басты нәтиже – мыңдаған отбасы баспаналы болды.
Біз қалаларды абаттандырумен қатар, ауылдардың жағдайын жақсартуға басымдық беріп келеміз. Биыл шалғай елді мекендерде тұратын жарты миллионнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 12 ірі жоба іске қосылады.
Мемлекет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бұрын-соңды болмаған ауқымда қолдау көрсетіп жатыр. Өткен жылы агроөнеркәсіп саласына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге қаржы тартылды. Осылайша, шаруалар алғаш рет жылына 5 пайыздық мөлшермен «ұзақмерзімді» қаражат алу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай қадам ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға ықпал еткені сөзсіз.
Осындай шаралардың арқасында агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі жалпы өнім құны шамамен 10 триллион теңгеге жетті. Ал экспорт көлемі 1,3 есе артып, 7 миллиард доллар табыс түсті. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Озық технологиялар саласы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе, отандық фармацевтика бағытында біраз жетістіктеріміз бар. Фармацевтика индустриясына сенім деңгейі бойынша Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында көш бастап тұр. Мұндай бағаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы беріп отыр. Отандық дәрі-дәрмек нарығының көлемі 1 триллион теңгеден асты. Кейінгі үш жылда бұл салаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі үш еседен астам ұлғайды. Алайда, бұған мәз болып отыра беруге болмайды, алдымызда тұрған міндет аз емес, қойылған мақсаттарға міндетті түрде жетуіміз керек.
Мен осыған дейін елімізде жаңа ивестициялық кезең басталатынын айтқан едім. Біз сол арқылы экономикамызды әртараптандыруды көздеп отырмыз. Әртараптандыру, яғни, диверсификация дегеніміз, бұл – жай ғана ұран немесе жағымды сөз емес, бұл – өте күрделі және жауапты міндет, оған үстірт қарауға болмайды. Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 14 пайызға артып, 20 миллиард доллардан асты. Ең бастысы, капитал негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым сынды келешегі зор салаларға бағытталуда. Бұл ел дамуы үшін өте жақсы үдеріс екені сөзсіз.
Осы орайда, мен мамыр айында қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның маңызы зор. Аталған заң шетелдік және отандық бизнес үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бұл бірегей заңнамалық актінің әлеуетін дұрыс пайдаланған жөн.
Дамуы қарқынды цифрлық мегаполистер, инновациялық кластерлер және өнімділігі жоғары индустрия қалыптастыру Қазақстанды Еуразиядағы технологиялық тұрғыдан өркендеген іскерлік хабқа айналдыруды көздейді. Кең байтақ өңірімізде бұрын-соңды болмаған бұл жоба табысты іске асқан жағдайда (Ал біз мұны сәтті жүзеге асыруға міндеттіміз), орнықты экономикалық өсімнің мүлдем жаңа моделі пайда болады.” – мемлекеттің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://aqorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaev-parlament-palatalarynyn-birlesken-otyrysynda-soz-soyledi-3054753