22.06.2026
Alatau City Authority, Alatau City Bank және Halyk Bank Қазақстанның инновациялар, технологиялар, инвестициялар және кәсіпкерлік саласындағы жаңа орталығы ретінде Алатау қаласын кешенді дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров, Alatau City Bank директорлар кеңесінің төрағасы Қуат Қожахметов және Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова қол қойды.
Меморандумға қол қою Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Алатау қаласын дамыту жөніндегі міндеттерді іске асырудағы кезекті маңызды қадам болды. Мемлекет басшысы Алатауда инвестициялар, таланттар, технологиялар мен жаңа өндірістерді тартатын заманауи инновациялық экожүйе қалыптастырудың стратегиялық маңызын бірнеше рет атап өткен болатын.
Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров:
«Алатау қаласы инновациялар, технологиялар және кәсіпкерлікті тоғыстыратын Қазақстан экономикасының жаңа өсу нүктесі ретінде құрылуда. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекет, қаржы институттары және бизнес арасындағы тиімді әріптестікті қалыптастыру аса маңызды. Қол қойылған меморандум заманауи қалалық ортаны дамытуға және Алатаудың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін жобаларды бірлесіп іске асыру үшін тараптардың тәжірибесі мен әлеуетін біріктіруге мүмкіндік береді», – деді.
Келісім жасанды интеллект, төмен биіктіктегі экономика (Low Altitude Economy), Smart City технологиялары, заттар интернеті (IoT), Web3, цифрлық активтер, финтех, нақты активтерді токенизациялау, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымға озық цифрлық шешімдерді енгізу бағыттарындағы ынтымақтастықты көздейді.
Alatau City Bank директорлар кеңесінің төрағасы Қуат Қожахметов:
«Біз Алатау қаласын дамыту сияқты еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жобаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Қазақстанда криптоиндустрия мен дәстүрлі банк жүйесін ықпалдастырудың бастамашыларының бірі ретінде біз бұл “болашақ қаласын” цифрлық активтерді қоса алғанда, ертеңгі күннің озық қаржылық және технологиялық шешімдерін енгізуге арналған алаң ретінде қарастырамыз. Қол қойылған меморандум жаңа буын жобаларын іске асыру мақсатында мемлекет пен қаржы институттарының мүмкіндіктерін біріктіреді. Бұл әріптестік Алатаудың дамуын жеделдетіп, оны Орталық Азиядағы инвестициялар мен инновациялардың ең тартымды орталықтарының біріне айналдырады деп сенеміз», – деп атап өтті.
Сонымен қатар тараптар жоғары технологиялық өндірістерді, оның ішінде көлік және логистика, туризм, білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық орнатуға ниетті.
Алатау қаласын дамыту Мемлекет басшысы айқындаған экономиканы әртараптандыру және жаңа экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді.
Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова:
«Еліміздің жетекші қаржы институты ретінде Halyk Bank цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, инновациялық технологияларды енгізуге және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларға белсенді қатысады. Мемлекет, қаржы секторы және бизнес күш-жігерін біріктіру Алатауда тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ететін заманауи экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», – деді.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.zakon.kz/ekonomika-biznes/6522162-Alatau-City-Bank-i-Halyk-stali-partnerami-po-razvitiyu-goroda-alatau.html