29.06.2026
Қазақстандағы жаңа қалаға қызығушылық танытқан компания туралы не белгілі
2026 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Melco Resorts & Entertainment компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Лоуренс Хомен кездесті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мәліметінше, тараптар Қазақстанның туристік инфрақұрылымын дамыту және Alatau City жобаларына шетелдік инвесторлардың қатысу перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында Лоуренс Хо туризм және қонақжайлылық индустриясы саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді. Сонымен қатар қазіргі уақытта тараптар арасында нақты жобаларды іске асыру немесе меморандумға қол қою туралы келісімдер жасалған жоқ. Кездесу инвестициялық мүмкіндіктерді талқылау кезеңінде өтті.
Макао, Кипр және Филиппин
Үкіметтің ресми хабарламасында туризмді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылғанымен, Melco Resorts & Entertainment дәстүрлі қонақүй операторынан әлдеқайда кең бағытта жұмыс істейтін халықаралық компания болып табылады. Компанияның негізгі қызметі – казиноны бес жұлдызды қонақүйлермен, мейрамханалармен, сауда галереяларымен, концерттік және конференциялық алаңдармен, SPA-орталықтармен, аквапарктермен және өзге де ойын-сауық нысандарымен біріктіретін интеграцияланған курорттарды дамыту және басқару.
Компанияның негізгі активтері Макаода орналасқан. Олардың қатарында City of Dreams, Studio City және Altira Macau премиум курорттары бар. Сонымен қатар Melco Resorts & Entertainment Филиппиндегі City of Dreams Manila, Кипрдегі City of Dreams Mediterranean кешендерін басқарады және 2025 жылдан бастап Шри-Ланкадағы City of Dreams Sri Lanka жобасына қатысып келеді.
Айта кету керек, Alatau City бас жоспарына сәйкес қаланың Green District ауданы казино кешендерін, экологиялық аймақтарды және белсенді демалыс инфрақұрылымын біріктіретін аумақ ретінде қарастырылған. Бұдан бөлек, жаңа қаланың құрамына Қонаев қаласының бір бөлігі енеді. Бұл өңірде Қазақстанның ресми ойын аймақтарының бірі бұрыннан жұмыс істейді.
Melco Resorts & Entertainment Кайман аралдарында тіркелген. Компанияның америкалық депозитарлық акциялары Nasdaq қор биржасында MLCO тикерімен айналыста. Бақылау пакеті Гонконгта орналасқан Melco International Development компаниясына тиесілі, оны Лоуренс Хо бақылайды. Компаниялар тобының штаб-пәтері Гонконг қаласында орналасқан.
Лоуренс Хо кім?
Melco Resorts & Entertainment және Melco International Development компанияларын Лоуренс Хо басқарады. Ол Макаоның ойын индустриясының дамуына зор үлес қосқан белгілі кәсіпкер Стэнли Хоның ұлы. Стэнли Хо 1962–2002 жылдар аралығында Макаодағы ойын бизнесінің жетекші тұлғасы ретінде танылып, қаланың әлемдік ойын-сауық орталықтарының біріне айналуында маңызды рөл атқарды.
Неліктен Melco үшін Қазақстан қызықты?
Alatau City жобасы Melco Resorts & Entertainment компаниясы үшін бірнеше стратегиялық артықшылыққа ие болуы мүмкін. Ең алдымен, қала Алматы қаласының іргесінде және халықаралық әуежайға жақын орналасады. Бұл болашақ туристік кешенге шетелдік туристермен қатар Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындарын тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Қазақстанның Орталық Азия, Қытай, Кавказ және ТМД елдерінің нарықтарының тоғысындағы географиялық орналасуы да маңызды артықшылық саналады. Melco Resorts & Entertainment осыған ұқсас модельді өзге елдердегі жобаларында табысты пайдаланып келеді. Мәселен, Кипрдегі курорт Еуропа, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка туристеріне бағытталса, Шри-Ланкадағы жоба Үндістаннан келетін жоғары табысты саяхатшыларды тартуға бағдарланған.
Инвестор үшін маңызды факторлардың бірі – Alatau City аумағында қолданылатын арнайы құқықтық режим. Ол ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдайлар жасауды, инвестицияларды қорғауды, реттеу рәсімдерін жеңілдетуді және салықтық ынталандыру шараларын көздейді.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://forbes.kz/articles/melco-resorts-s-kem-bektenov-obsuzhdal-proekty-v-alatau-city-19a9f2