Мемлекет басшысы Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында Король Филипп пен Патшайым Матильдаға ілтипат білдірді. Президент мәртебелі меймандардың осы іс-шараға қатысуы тату достық пен екіжақты серіктестікті жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға деген ортақ ұмтылысты көрсететінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Қазақстан экономикасындағы 10 ірі инвестордың қатарына кіретінін айтты. Соңғы жиырма жылда бельгиялық компаниялар экономикамызға 15 миллиард доллардан астам қаржы құйған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, көлік-логистика қарым-қатынасты нығайтатын негізгі бағыттардың бірі саналады. Президент Қазақстан теміржол және автокөлік инфрақұрылымын, Орта дәліз бойындағы теңіз порттары мен терминалдарын жаңғыртуға ауқымды инвестиция құйып жатқанын мәлімдеді.
– Осы орайда, Еуропадағы ірі логистикалық орталықтың бірі ретінде Бельгияның бай тәжірибесінен үйренеріміз көп. Антверпен-Брюгге порт кешені мен Каспий теңізіндегі Ақтау, Құрық порттары арасында нәтижелі серіктестік орнайтынына сенімдіміз. Бұл Қазақстанның металл, мұнай химиясы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін үлкен нарыққа шығаруға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен технологиялық индустрияны дамыту өзара серіктестіктің негізгі басымдығы екенін айтты.
– Жасанды интеллект пен цифрлық технология мүмкіндігін пайдалана отырып, AlemAi, Alatau City секілді ірі бастамаларды жедел іске асырамыз. Өнеркәсіптің озық салалары аталған орталықтарда қалыптасады. Бельгияның жартылай өткізгіштерді зерттеу саласында позициясы мықты. Осы артықшылықты ескеріп, бірлескен жобаларды іске асыруға және серіктестікті дамытуға болады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өнімділікті арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, сондай-ақ су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға баса мән беретінін айтты. Бұдан бөлек, Президент медицина мен фармацевтика салаларындағы серіктестікті нығайтудың маңызына назар аударды.
– Біз IBA компаниясымен ынтымақтастықты құптаймыз. Бұл Қазақстандағы протонды терапияға қолжетімділікті арттырады. Сала мамандарын даярлауға және клиникалық зерттеулер жүргізуге қатысты бірлескен бағдарлама онкологиялық ауруларды емдеудің озық тәсілдері бойынша құзыретімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Бельгияның фармацевтикалық компанияларын елімізде өндіріс орындарын ашуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.akorda.kz/kz/prezident-kasym-zhomart-tokaev-pen-korol-filipp-kazakstan-belgiya-iskerlik-kenesinin-tortinshi-otyrysyna-katysty-1394724