Жобаның құны қаншаға бағаланып отыр?
Жаңа Алатау қаласында көпфункционалды Iconic Complex кешенінің құрылысына ресми түрде старт берілді. 2026 жылғы 26 қазанда нысанның іргетасына символикалық тас қалау рәсімі өтті.
Кешеннің жалпы ауданы – 276,8 мың шаршы метр. Жоба биіктігі 272 және 78 метр болатын екі мұнарадан тұрады. Негізгі мұнара Қазақстанның оңтүстігіндегі ең биік ғимаратқа айналады деп күтілуде. Онда А+ санатындағы кеңселер, бес жұлдызды қонақүй және премиум санатындағы апартаменттер орналасады.
Екінші мұнара тұрғын үйге арналған. Онда террасалары бар апартаменттер мен ғимараттың төбесінде бақ қарастырылған. Кешеннің төменгі бөлігінде ауданы 58 мың шаршы метрді құрайтын үш деңгейлі подиум орналасады. Бұл кеңістік сауда, мәдени және түрлі іс-шаралар өткізу алаңдарына арналады.
Сонымен қатар кешен құрамына ішкі аулалары бар алты аз қабатты кеңсе ғимараты кіреді. Мұнда түрлі компаниялардың штаб-пәтерлері орналасады деп жоспарлануда.
Кешен аумағының төрттен бір бөлігі, оның ішінде тұрғын үй мұнарасының төбесіндегі бақ, жасыл желекке бөлінеді.
Iconic Complex Алматы қаласына жақын орналасады. Нысан Алатау қаласының оңтүстік бөлігі Алматы мегаполисімен шектесетін Gateway District іскерлік ауданында бой көтереді.
Жобаны 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Құрылыстың бас мердігері ретінде әлемдегі ең ірі құрылыс компанияларының бірі – қытайлық China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) таңдалды.
Компания зәулім ғимараттар салуға маманданған. Оның жүзеге асырған жобаларының қатарында Африкадағы ең биік ғимарат – Мысырдағы Iconic Tower, Шэньчжэньдегі Ping An Finance Center, Шанхайдағы Shanghai World Financial Center және Катардағы Doha Tower бар.
Алатаудағы зәулім ғимараттың сәулеттік тұжырымдамасын америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросы әзірледі.
1936 жылы Чикагода негізі қаланған SOM әлемдегі зәулім ғимараттарды жобалау саласындағы жетекші компаниялардың бірі саналады. Оның жобаларының қатарында Дубайдағы Бурдж-Халифа және Нью-Йорктегі One World Trade Center бар.
SOM компаниясының сәулетшісі әрі еуропалық практикасының жетекшісі Габриэле Пасколини сәулеттік жобаның әрдайым көптеген факторлардың үйлесімінен қалыптасатынын атап өтті.
«Iconic Complex жобасының негізгі идеясына Алматының ғажайып табиғи ландшафты – таулары мен жазықтары шабыт берді. Алайда ғимаратты жобалау кезінде оның функционалдық мақсатын, өңірдің сейсмикалық белсенділігін және басқа да көптеген факторларды ескеру қажет. Осының барлығын біртұтас әрі үйлесімді сәулеттік шешімге біріктіріп, кешенді тәсілді қамтамасыз ету маңызды.
Бұл жобада орнықты даму қағидаттары мен экологиялық идеялар да ерекше рөл атқарды. Олар Iconic Complex кешенінің сәулеттік келбетін қалыптастыруға ғана емес, жобада қолданылатын технологияларды таңдауға да ықпал етті», – деді Габриэле Пасколини.
Инвестициялардың экономикалық әсері
Iconic Complex жобасын девелоперлік тұрғыдан іске асырумен Alatau City Iconic Complex компаниясы айналысады. Аталған компания жобаны жүзеге асыру үшін арнайы құрылып, 2025 жылдың қазан айында Алматы қаласында тіркелген.
Компанияның негізгі міндеттеріне жобаның іске асырылуын басқару, жеке инвестициялар тарту және халықаралық серіктестердің жұмысын үйлестіру кіреді.
Компания өкілдері Iconic Complex жобасына тарту жоспарланып отырған инвестиция көлемін жариялады. Бұған дейін де айтылған бұл сома 800 млн АҚШ долларын құрайды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, нысанның түпкілікті құны туралы айту әзірге ерте.
«Менің ойымша, шамамен 1 млрд доллар болады. Мемлекеттік құрылымдардан бұл жобаға тек Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясы қатысады. Алайда оның үлесі шамамен 10%-ды құрайды.
Негізгі инвесторлар – жергілікті компаниялар, атап айтқанда, Caspian Group, Alatau City Bank және басқалары. Сонымен қатар қытайлық CSCEC компаниясы қазіргі уақытта акционерлер құрамына кіру үшін өз елінің мемлекеттік органдарынан тиісті рұқсаттарды алу рәсімінен өтіп жатыр. Оның үлесі 10–15% болады», – деді Қанат Бозымбаев.
Маңызды келісімдер
CSCEC компаниясының төрағасы Гао Бо компанияның Iconic Complex құрылысына жетекші мердігер ретінде қатысуы жөніндегі келісімдер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары барысында жасалғанын еске салды.
Оның айтуынша, бұл келісімдер екі ел арасындағы өзара сенімнің, тиімді ынтымақтастықтың және ұзақ мерзімді серіктестіктің айқын көрінісі болып табылады.
Сондай-ақ ол жобаны «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы сапалы ынтымақтастықтың және Қытайдың Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимылын нығайтудың үлгісі ретінде бағалады.
Алатау қаласы кеңесінің мүшесі Юрий Цхай жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Біз бұл күнге ұзақ уақыт бойы дайындалдық. Ақыры бүгін бұл жай ғана құрылыс нысаны емес, бүкіл әлемдік бизнес қауымдастығына біздің сөзден нақты іске көшкенімізді көрсететін жоба екенін сеніммен айта алатын күн туды», – деді Юрий Цхай.
Ол жобаға көрсеткен «зор қолдауы» үшін Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметке, сондай-ақ «жобаға алғашқы күннен бастап сенім білдірген» Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке алғысын жеткізді.
Сонымен қатар Юрий Цхай Caspian Group пен Alatau City Bank компанияларына да ризашылығын білдірді.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://forbes.kz/articles/neboskreb-iconic-complex-nachali-stroit-v-gorode-alatau-856a95

Барлық жаңалықтар