2026 жылғы 26 қазанда Алатау қаласында Iconic Complex жобасын іске қосу рәсімі өтті. Көпфункционалды кешен құрамына кеңселер, апартаменттер, қонақүй, сауда орталығы және қоғамдық кеңістіктер кіреді. Жоба қаланың жаңа іскерлік орталығын қалыптастыруға ықпал етеді. Оған тартылатын инвестиция көлемі 800 млн АҚШ долларынан асады. Кешен құрылысын 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жобаны іске қосу рәсімі
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов, CSCEC International компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Гао Бо, америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросының Еуропадағы бөлімшесінің жетекшісі Габриэле Пасколини және Алатау қаласы Кеңесінің мүшесі Юрий Цхай қатысты. Жиынға Үкімет пен министрліктердің, Alatau City Authority және United Group Alatau ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары да қатысты.
Iconic Complex жобасы 2026 жылғы 2 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылған болатын. Салтанатты рәсім барысында Алатау қаласы Кеңесінің мүшесі, Caspian Group директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай жаңа қаланы дамытудағы мемлекеттік қолдаудың маңызына тоқталды.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей саяси ерік-жігері, белсенді қолдауы және мемлекеттік органдардың іске жоғары деңгейде атсалысуы болмаса, бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін болмас еді. Басқа жағдайда, басқа елде мұндай нәтижеге жетуді елестетудің өзі қиын. Бар болғаны төрт жылдың ішінде Alatau City арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне, қала мәртебесіне, нақты шекараларға және ерекше реттеу режиміне ие болды. Сонымен қатар жоба халықаралық деңгейде сәтті таныстырылды», – деді Юрий Цхай.
Жобаның бас мердігері – әлемдегі ең ірі инвестициялық-құрылыс топтарының бірі China State Construction Engineering Corporation (CSCEC). Топ құрамындағы компаниялар Шэньчжэньдегі Ping An Finance Centre және Шанхайдағы Shanghai World Financial Center ғимараттарының құрылысына қатысқан. CSCEC Iconic Complex жобасын Алатауды дамыту бағытындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың алғашқы қадамы ретінде қарастырады.
«CSCEC International үшін Алатаудағы Iconic Complex жобасы стратегиялық маңызы бар басым жобалардың бірі. Біз құрылысты жоғары стандарттарға сай жүргізіп, үздік мамандар мен қажетті ресурстарды жұмылдырамыз. Жобаға қатысушылармен бірлесе отырып, ұлттық маңызы бар жаңа сәулет нысанын салуды көздеп отырмыз», – деді Гао Бо.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://alatau.city/kk/news/alatauda-quny-800-mln-aqsh-dollarynan-asatyn-iconic-complex-zhobasy-iske-qosyldy