Алатау қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасының инновацияға бағдарланған экономикасының орнықты өсуін ынталандыру, жоғары технологиялық салаларға инвестициялар тарту және Алматы агломерациясының жинақталған әлеуеті негізінде өңірде халықаралық маңызы бар іскерлік және инновациялық белсенділік орталығын қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе (бұдан әрі – арнаулы мәртебе) берілсін.

2. Мыналар:

1) кәсіпкерліктің өсіп келе жатқан және жаңа салаларына инвестициялар тарту және әртүрлі қызмет салаларына инновациялар ендіру есебінен Алатау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуді қамтамасыз ететін ерекше институционалдық орта қалыптастыру;

2) Алатау қаласын дамытуға кез келген жекеше инвестицияларды тарту және қорғау үшін сапалық жаңа деңгейдегі институционалдық базаны қамтамасыз ету;

3) Алатау қаласын басқаруда, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуі жағдайларында жетекші халықаралық тәсілдер мен практикаларды қолдану арнаулы мәртебенің негізгі бағыты мен мазмұны болып айқындалсын.

3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес құрамда Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) құрылсын.

4. Мыналар:

1) Алатау қаласының инвестицияларды тарту, іскерлік белсенділік пен инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі құжаттарды, сондай-ақ оның арнаулы мәртебесіне байланысты өзге де құжаттарды келісу және бекіту; 

2) Алатау қаласының инвестицияларды тарту, іскерлік белсенділік пен инновацияларды дамыту мәселелері бойынша, сондай-ақ оның арнаулы мәртебесіне байланысты өзге де мәселелер бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың орындауы үшін міндетті шешімдер қабылдау;

3) осы Жарлықтан және Қазақстан Республикасының заңнамасынан туындайтын өзге де мәселелерді шешу Кеңестің өкілеттіктері болып айқындалсын.

Қаулыға сілтеме: Алатау қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы — Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

Жаңа дәуір мүмкіндігі

Алдыңғы мақала

Алатау озыңқы дамушы қала ретінде арнайы мәртебеге ие болды

Келесі мақала