Қанат Бозымбаев Alatau City жобасының даму барысымен танысты

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысына ресми жұмыс сапары аясында Alatau City мегажобасының төрт негізгі аймағында – Gate, Golden, Growing және Green аудандарының құрылысқа дайындық барысын тексеріп, бірқатар тапсырма берді.

Өнеркәсіптік-логистикалық және іскерлік орталықтан бастап, ғылыми-білім беру мен туристік кластерлерге дейін әр ауданның өзіндік бағыты бар.

Gate District - Өтеген батыр, Покровка, Қоянқұс, Ынтымақ және Жаңалық елді мекендерінің арасында орналасқан. Мұнда PepsiCo, Caspian Group, Алматы желдеткіш зауыты сияқты ірі жобалар жүзеге асырылуда. Ауданның басты орталығы – Iconic Building-1 Халықаралық бизнес дамыту орталығы болмақ. Қанат Бозымбаев ӨҚМ, облыс әкімдігі және инвесторларға бұл ғимараттың құрылысын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл нысан Alatau City жобасының ресми бастамасының символына айналмақ.

Golden District - Кіші Алматы және Қаскелең өзендерінің арасындағы тасжол бойында орналасқан. Бұл аймақ ғылым, білім және медицина орталығы ретінде дамытылмақ. Мұнда: K-Park мәдени-бизнес кешені, халықаралық білім беру орталығы, заманауи академқалашық, көпсалалы медициналық кластер бой көтереді. Сонымен қатар Hyundai Green Food Almaty және Mars сияқты әлемдік компаниялардың жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.

Growing District Алматы – Қапшағай автожолы бойында және Жетіген – Қазыбек теміржол желісінің маңында орналасады. Бұл аймақ экспортқа бағытталған өндірістік және логистикалық орталық ретінде дамытылады. Көлік дәліздерінің тоғысында орналасуы және әуежайға жақындығы экологиялық таза өндірістерді дамытуға ерекше мүмкіндік береді.

Қанат Бозымбаев бұл жерде халықаралық Rhenus Logistics компаниясының басшылығымен кездесіп, Алатауда көлік-өндірістік хаб құрудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Аумағы 31 730 гектарды құрайтын Green District Қапшағай су қоймасымен, Қаскелең өзенімен және Қонаев қаласымен шектеседі. Мұнда курорттық аймақтар мен саябақтар салынып, болашақта Формула-1 жарыс тасжолы, Iconic Building-2 туристік орталығы бой көтереді. Бұл аймақ Алматы агломерациясының басты туристік және демалыс орталығына айналмақ.

Толығырақ сілтемеде: https://primeminister.kz/news/kanat-bozymbaev-alatau-city-zobasynyn-damu-barysymen-tanysty-30562

Алатау озыңқы дамушы қала ретінде арнайы мәртебеге ие болды

Алдыңғы мақала

Келесі мақала