14.02.2026
Үкіметтің
кеңейтілген отырысында басталған талқылауды жалғастыра отырып, Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарды түбегейлі
қайта құруға шақырды. Ол қазіргі модельдің өз мүмкіндігін сарқып болғанын
айтты. Қомақты қаржыландыру жоспарларына қарамастан, құрылымдық реформаларсыз
тек қаржы құю нәтижеге жеткізбейтінін ескертті. Ендеше, институционалдық
кепілдіктер инвесторлардың сеніміне, жаңа салаларға және болашақ қаласына қалай
айнала алады? Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет Астана халықаралық
қаржы орталығы мен Алатау қаласы үшін арнайы экономикалық және құқықтық режимдер
бекітілмек. Бұл ұзақ мерзімді инвестициялық тұрақтылық пен инвестор сеніміне
қалай әсер етеді, Вонг мырза?
—
Өздеріңіз білетіндей, бүгінде инвестиция тартуға тырысатын елдер көп. Сондықтан
Қазақстанда қарастырылып жатқан жаңа Конституция инвесторлардың сенімін
нығайтады деп ойлаймын. Көптеген инвесторлар мұны стратегиялық тұрғыда қарап,
мұндай норманың Конституцияға енгізілуін құптайды.
Азиядағы
ірі қалалық және инфрақұрылымдық жобалардағы тәжірибеңізге сүйене отырып,
арнайы режимдерді конституциялық деңгейде қорғаудың артықшылықтары қандай?
—
Арнайы экономикалық режимдерді Конституцияда бекіту көптеген мәселелерді
айқынырақ етеді. Инвесторлар тұрақтылық пен анықтылықты жақсы көреді, өйткені
олардың инвестициялары ұзақ мерзімге бағытталған. Олар инвестиция кезеңінде
күтпеген өзгерістерді қаламайды. Сондықтан арнайы экономикалық аймақтарды
Конституцияда бекіту белгілі бір деңгейде ашықтық пен тұрақтылық береді және
бұл Қазақстанға инвестиция тартуға сөзсіз көмектеседі.
Сіздің ойыңызша, жаңа Конституция жобасы
осындай кепілдіктерді қаншалықты қамтамасыз етеді? Басқа елдерде мұндай
мысалдар бар ма?
—
Мұндай стратегиялық қадамға барып, оны Конституцияда бекітетін елдер көп емес.
Бұл — өте инновациялық қадам және дәл уақытында жасалып отыр. Қазіргі геосаяси
және экономикалық жағдай өзгерді. Сондықтан Қазақстан бұл шешімі арқылы басқа
елдерден озып келеді деп ойлаймын.
Алатау
қаласының дамуына қатысты, егер бұл Конституция жобасы қабылданса, сіздің даму
жоспарыңыз қалай өзгереді?
—
Біз Алатау қаласына қатысты көзқарасымызды өзгертпейміз деп ойлаймын. Алатау —
Орталық Азияның хабы ретінде жоспарланған. Ол төмен биіктіктегі экономика,
дрондар, роботакси, автономды көліктер сияқты жаңа салаларды, сондай-ақ
криптовалюта, активтерді токенизациялау секілді жаңа қаржы бағыттарын тартуға
бағытталған. Бұл Қазақстанға жаңа дағдылар әкеліп, экономиканы әртараптандыруға
және дәстүрлі табыс көздерінен тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.youtube.com/watch?v=fTrbG0TpMR0