Астана мен Алатау қаласының мәртебесі арнайы конституциялық заңдармен бекітіледі

Жаңа Конституцияның нормаларын жүзеге асыру шеңберінде Астана мен Алатау қаласы үшін ерекше құқықтық режимді айқындайтын заң жобалары әзірленді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. 

Жаңа Конституцияның нормаларын жүзеге асыру аясында Ұлттық экономика министрлігі «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңдардың жобаларын әзірледі. Жаңа Конституцияда жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында конституциялық заңдармен қаржы саласында арнайы құқықтық режим немесе «қарқынды даму қаласының» арнайы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін екендігі көзделген. 

Осы орайда Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауына сәйкес әзірленген «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы төмендегі бағыттарды қамтиды.

Конституциялық заң жобасы:

- жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құрылымы мен өкілеттіктерін айқындауды;

- озық халықаралық және шетелдік стандарттарды, техникалық регламенттерді және технологиялық нормаларды қолдануды; 

- цифрлық активтердің айналымын реттеуді;

- шағын биіктіктегі экономика саласын (Low Altitude Economy) және электронды ұшқыш аппараттарды (Urban Air Mobility) дамытуды;
- инвестицияларды қорғауға және олардың тұрақтылығына кепілдік беруді;

- салық салудың және бюджеттік қатынастардың ерекше режимін қолдануды көздейді.

Қазіргі уақытта Конституциялық заң жобасы Парламенттің қарауында. Осы жылы 20 наурызда заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен отырысының 1-ші оқылымын, ал 27 наурызда 2-ші оқылымын өткізу жоспарлануда. Заң жобасы наурыз айының сонына дейін Мемлекет басшысына қарауына енгізілетін болады. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заңның жобасы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру мақсатында әзірленді, және ол жекелеген нормаларды нақтылауға, сонымен қатар құқықтық қолдану практикасын жетілдіруге бағытталған.

Конституциялық заңның жобасы облыс, аудан, қала, ауылдық елді мекендер санаттарын белгілеуді, оларды құру және қайта құру бойынша құзыретті органдардың өкілеттіктерін айқындауды қамтиды.  

Осылайша, заң жобасы мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен орнықтылығын көздейді.

Толығырақ сілтемеде: https://primeminister.kz/news/astana-men-alatau-kalasynyn-martebesi-arnaiy-konstituciialyk-zandarmen-bekitiledi-31179

2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы

Алдыңғы мақала

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: ғылымды қажет ететін аумақтарды құру — біздің стратегиялық міндетіміз

Келесі мақала