Қазақстан Нью-Йорктегі Kazakhstan Finance Day алаңында АҚШ-пен инвестициялық диалогты нығайтуда

Нью-Йорк, 2026 жылғы 20 сәуір – Әлемнің жетекші қаржы орталықтарының бірі саналатын Citigroup штаб-пәтерінің алаңында Қазақстан мен АҚШ арасындағы қаржы-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жыл сайынғы Kazakhstan Finance Day іс-шарасы өтті.

Іс-шараға ҚР Ұлттық Банкі Төрағасы Тимур Сулейменов, ҚР-ның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов, Қазақстан қор биржасының (KASE), «Самұрық-Қазына» АҚ, «Бәйтерек» инвестициялық холдингі, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Alatau City өкілдері, сондай-ақ Blackstone, Cerberus, JPMorgan және басқа да компанияларды қоса алғанда, екі елдің бизнес өкілдері қатысты.

Қатысушылардың назарында екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ Қазақстан экономикасының басым салаларына америкалық инвестицияларды тарту мәселелері болды.

Іс-шараны аша отырып, ҚР-ның АҚШ-тағы Елшісі конституциялық реформалар мен барлық деңгейдегі институттардың кезең-кезеңімен жаңғыртылуы инвесторлардың сенімін арттырып, халықаралық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын түбегейлі жаңа институционалдық ортаны қалыптастыратынын атап өтті.

Ұлттық Банк Төрағасы өз сөзінде өзекті макроэкономикалық күн тәртібін ұсынып, қаржы саясатының негізгі басымдықтарын айқындады.

Siguler Guff компаниясының Бас инвестициялық директоры Дрю Гафф, өз кезегінде: «Қазақстан бүгінде қарқынды дамып келе жатқан мемлекет, ол ауқымды өңірдегі экономикалық және саяси тұрақтылықтың орталығына айналды. Қазақстанның кез келген нүктесінен бес сағаттық ұшу радиусында шамамен екі миллиард адам тұрады. Саяси-құқықтық база қалыптастырылып, кеңейтілді, бұл көптеген перспективалы салаларға ауқымды инвестициялар тартуға жол ашады», – деп атап өтті.

Панельдік сессия барысында қатысушылар инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, оның ішінде ұлттық компаниялардың IPO/SPO бағдарламаларын, цифрлық экожүйелерді және smart-инфрақұрылымды талқылады.

Сонымен қатар, smart City және цифрлық экономика элементтерін біріктіретін Alatau City қоса алғанда, жаңа буын жобаларын іске асыру перспективалары ұсынылды.

Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1205772?lang=kk

Парламент Алатау туралы жаңа Конституциялық заң қабылдады

Алдыңғы мақала

Келесі мақала