19.05.2026
19 мамыр күні Қазақстанда жаңа көлік түрі — аэротаксиге ресми түрде сынақ жүргізу басталды. Алғашқы көрсетілімдік ұшу Алатау қаласында өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Сынақ өткізу үшін Алматы маңындағы республикалық тас жол бойынан ашық алаң таңдалды. Дәл осы жерде еліміздегі алғашқы вертипорт — eVTOL аппараттарына арналған арнайы ұшу-қону алаңы салынып жатыр. Болашақта бұл аумақта UAM Center Eurasia және Қазақстандағы алғашқы толыққанды вертипорт іске қосылады.
Таныстырылым барысында AutoFlight компаниясының PROSPERITY үлгісіндегі ұшу аппараты көрсетілді. Электрлі аэротакси алты орынға арналған: бір ұшқыш және бес жолаушы. Аппараттың ең жоғары жылдамдығы сағатына 200–250 шақырымға дейін жетеді, ал ұшу қашықтығы 200 шақырымға дейін барады. Қанатының ұзындығы — 15 метр, аппаратың ұзындығы — 11,6 метр, биіктігі — 3,3 метр.
Қазіргі уақытта аппарат қауіпсіздік мақсатында жолаушыларсыз ұшып жатыр. Көрсетілімді іс-шара қонақтары арнайы бақылау алаңынан тамашалады.
Қытайлық AutoFlight компаниясының аға вице-президенті Келлен Се электрлі модель тек жолаушылар тасымалына ғана емес, жүк жеткізуге, өрт сөндіруге және төтенше жағдайларда қолдануға болатынын айтты. Оның сөзінше, eVTOL аппараты тікұшаққа қарағанда әлдеқайда тыныш жұмыс істейді және дәстүрлі ұшу-қону жолағын қажет етпейді. Сондай-ақ ол бұл технологияның басты артықшылықтарының бірі — ірі аэродром инфрақұрылымын салмай-ақ, әртүрлі нүктелер арасында жылдам қатынас орнату екенін атап өтті.
Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев іс-шараның ашылуында сөйлеген сөзінде пилоттық режимде іске қосылған тест орталығы жаңа көлік жүйесін дамытуға негіз болатынын айтты. Оның пікірінше, мұндай технологиялар әзірге әлемнің ешбір жерінде өндірістік ауқымда қолданылып жатқан жоқ.