22.05.2026
Алатау қаласын Алматы маңындағы жаңа елді мекен ретінде ғана емес, Қазақстанның бірқатар стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған даму алаңы ретінде қалыптастыру жоспарлануда. Атап айтқанда, жоба оңтүстік астананың жүктемесін азайтуға, инвестициялар тартуға, инновациялық технологияларды енгізуге және басқарудың жаңа тетіктерін сынақтан өткізуге бағытталған. Осы мақсатта аэротакси, криптотөлемдер, цифрлық сервистер, жаңа аудандар және ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру көзделуде. Алайда негізгі мәселе – арнайы конституциялық заңмен реттелетін қаланың дәстүрлі бюрократиялық жүйеге қарағанда неғұрлым тиімді және жедел жұмыс істей алуында.
Арнайы заң
Жобаның негізгі идеяларының бірі – оның орталық бюджетке тәуелділігін азайтып, қаржы ресурстарының тұрақты қайта бөлінуінен қорғау. Осыған байланысты 2050 жылға дейін Алатау қаласының кірістерін республикалық бюджетке алып қоюға тыйым салу көзделген. Қаланың өз кірістері оның инфрақұрылымын дамытуға және ішкі қажеттіліктерін қаржыландыруға бағытталуы тиіс.
Сонымен қатар, Алатау жобасының басты негізі аэротакси, зәулім ғимараттар немесе криптовалюта емес. Егер қала өзге өңірлер сияқты бюрократиялық рәсімдерге тәуелді болса, бұл бастамалардың барлығы тек көрнекі жоба ретінде қалып қоюы мүмкін. Осыған байланысты 2026 жылғы мамырда Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойды.
Бұл Қазақстан үшін маңызды құқықтық прецедент болып табылады. Бұған дейін арнайы режимдер жекелеген ұйымдарға, салаларға немесе аумақтарға, соның ішінде АХҚО сияқты құрылымдарға ғана қолданылып келген. Енді арнайы құқықтық режим тұтас бір қалаға беріліп отыр. Бұл қалаға өзіндік басқару жүйесін, инвесторларға арналған арнайы ережелерді және заңмен белгіленген тәртіп шеңберінде қабылданатын шешімдердің басымдығын қамтамасыз етеді.
Негізгі мәселе
Іс жүзінде мемлекет ауқымды басқарушылық экспериментті іске қосуда. Оның мақсаты – Қазақстанның құқықтық кеңістігі аясында шешімдер жедел қабылданатын, ойын қағидалары тұрақты сақталатын және даму үдерісі ұзақ келісу рәсімдеріне тәуелді болмайтын аумақ қалыптастыру.
Алатау жобасы инвестиция тарту мен құрылыс жүргізуден гөрі, тұрақты әрі тиімді жұмыс істейтін институттар құрудың қаншалықты күрделі екенін көрсетуі тиіс.
Жобаның ішкі басқару тетіктері, артықшылықтары мен тәуекелдері жөнінде мемлекеттік басқару саласының сарапшысы Сабина Садиева және Конституциялық заңды әзірлеушілердің бірі Тимур Одилов өз пікірлерімен бөлісті.
Неліктен дәстүрлі жеңілдіктер жеткіліксіз?
Жобаны талдау барысында туындайтын алғашқы сұрақтардың бірі – Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) тетігі бұрыннан бар болған жағдайда, неге арнайы конституциялық заң қабылдау қажеттілігі туындады деген мәселе.
Бір қарағанда, Алатауды да инвесторларға арналған жеңілдіктер мен преференциялар арқылы дамытуға болатын сияқты көрінеді. Алайда сарапшылар мен әзірлеушілердің пікірінше, Алатауды кезекті арнайы экономикалық аймақ немесе жеңілдіктер қарастырылған өндірістік аймақ ретінде қарастыру түбегейлі қате көзқарас болып табылады.
Тимур Одиловтың айтуынша, арнайы экономикалық аймақтар негізінен қолданыстағы заңнама мен мемлекеттік басқару жүйесі шеңберіндегі салықтық және кедендік режимдерді қамтиды.
«АЭА – бұл негізінен қолданыстағы заңнамалық және басқарушылық жүйе аясындағы салықтық және кедендік жеңілдіктер. Яғни белгілі бір қызмет түрлеріне арналған преференциялар беріледі, алайда реттеу мен бюрократиялық рәсімдер бұрынғыдай сақталады. Ал Алатау жағдайында экономика, басқару және шешім қабылдау салаларында арнайы тетіктері бар мүлде жаңа құқықтық режим туралы сөз болып отыр», – деді ол.
Сабина Садиева бұл айырмашылықты одан да нақты сипаттайды. Оның пікірінше, арнайы экономикалық аймақ – бұл бұрынғы басқару жүйесі аясындағы экономикалық режим ғана. Ал Конституциялық заң – жаңа басқару жүйесі мен жаңа қағидаларға негізделген институционалдық режим.
«АЭА – тек экономикалық және фискалдық құрал. Оның аясында инвестор жеңілдіктер алады, бірақ жобаларды бұрынғыдай министрліктермен, комитеттермен және әкімдіктермен келісуге мәжбүр болады. Ал Конституциялық заң мүлде жаңа институционалдық архитектура мен басқару режимін қалыптастырады. Ол Алатаудың даму жобасы ретінде табысты іске асуына мүмкіндік беретін басқару ортасын өзгертеді», – деп атап өтті Садиева.
Толығырақ сілтеме бойынша:https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/effekt-alatau-kazahstanu-novyiy-megapolis-jivuschiy-599700/