10.06.2026
«Астана – біздің Бейжіңіміз, Алматы – Шанхайымыз, ал Алатау – Шэньчжэньнің баламасы»
Сапардың дәл Шэньчжэнь қаласынан басталуы кездейсоқ емес. Халық саны Қазақстан халқына жуық бұл инновациялық мегаполис бүгінде еліміздің жаңа экономикалық өсу орталығы ретінде қалыптасып келе жатқан Алатау қаласын дамытудағы негізгі бағдарлардың бірі саналады.
2026 жылғы 9 маусымда Шэньчжэнь қаласының мэрі Цинь Вэйчжунмен өткен кездесуде Қанат Бозымбаев Алатау қаласының әлеуетін таныстырып, екі ел қалалары арасындағы ұқсастықтарға тоқталды.
«Астана – еліміздің саяси орталығы, яғни біздің Бейжіңіміз. Алматы – Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 20 пайыздан астамын қалыптастыратын қаржы және өнеркәсіп орталығы, оны Шанхаймен салыстыруға болады. Ал біздің жаңа Алатау қаласы – Шэньчжэньнің баламасы. Бұл нөлден бастап дамып жатқан және әлемдік таланттарды, капиталды, озық технологияларды тарту, сондай-ақ ерекше құқықтық режим қалыптастыру сияқты маңызды миссияны атқаратын қала», – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Ынтымақтастықтың төрт негізгі бағыты
Кездесу барысында тараптар Алатау мен Шэньчжэнь арасындағы ынтымақтастықтың төрт басым бағытын айқындады:
• сауда және инвестициялар;
• цифрлық экономика және жасанды интеллект;
• жасыл энергетика (қазіргі таңда Шэньчжэньдегі көліктің 80 пайыздан астамы жаңа энергия көздерімен жұмыс істейді);
• туризм және мәдени-гуманитарлық алмасулар.
Қазақстан Алатауды дамыту барысында Шэньчжэньнің бұлтты технологиялар, робототехника және заманауи логистикалық шешімдер саласындағы тәжірибесін пайдалануды көздеп отыр.
Іскерлік келіссөздер марафоны
Шэньчжэнь басшылығымен өткен кездесуден кейін қазақстандық делегация Қытай нарығының жетекші компанияларымен B2B форматындағы бірқатар келіссөздер өткізді.
China Resources Land Limited компаниясының президенті Сюй Жунсяньмен кездесуде Қанат Бозымбаев 2026 жылғы 8 мамырда қабылданған Конституциялық заң Алатауға жедел дамитын қала мәртебесін бергенін атап өтті.
Анықтама: бұл мәртебе Премьер-Министрдің жетекшілігімен жұмыс істейтін қаланы дамыту жөніндегі кеңеске салық режимдерін, қолдау шараларын дербес бекітуге және ағылшын құқығының жекелеген элементтерін енгізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар инвесторлар үшін басқару жүйесі «бір терезе» қағидаты бойынша барынша жеңілдетіледі. Инвесторлар тек бір басқарушы ұйыммен жұмыс істеп, барлық әкімшілік рәсімдер лицензиялау тетіктері арқылы жүзеге асырылады. Бұл тәсіл Дубай халықаралық қаржы орталығының (DIFC) тәжірибесіне негізделген.
China Resources Land компаниясының басшысы Сюй Жунсянь компанияның жекелеген құрылыс жобаларынан әлдеқашан бас тартып, бүгінде аудандарды жобалаудан бастап оларды кейінгі пайдалануға дейінгі толық циклді қамтамасыз ететінін айтты.
«Сіздер бізге Алатау қаласын дамыту жөніндегі жаңа жоба туралы ақпарат ұсындыңыздар және серіктес ретінде біздің компанияны таңдадыңыздар. Бұл өте дұрыс шешім деп санаймыз. Біз сіздердің қажеттіліктеріңізді толық түсінеміз және қазіргі кезеңде қандай жұмыстар атқарылуы тиіс екенін нақты білеміз», – деді ол.
Анықтама: China Resources Land компаниясы Шэньчжэнь қаласындағы Tencent секілді технологиялық алыптардың штаб-пәтерлері орналасқан Наньшань ауданын дамытуға қатысқан. Сонымен қатар компания Сюнъань жаңа ауданын жобалау жұмыстарына атсалысқан.
«Шэньчжэнь технологиялары мен Қазақстан ресурстары – табиғи серіктестік»
Funde-Gemdale Group инвестициялық тобының штаб-пәтерінде өткен кездесуде тараптар ақылды қалалар, инфрақұрылым және цифрлық қаржы мәселелерін талқылады.
Компания өкілі Чжан Цзюнь Қазақстанның тұрақты энергетикалық жүйесі, түсінікті заңнамасы және тиімді географиялық орналасуы инвесторлар үшін тартымды екенін атап өтті.
«Біз Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Елде табиғи ресурстар жеткілікті, электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйесі тұрақты және реттеуші саясат түсінікті. Бұл Қазақстанды инвестиция үшін тартымды етеді», – деді ол.
Оның пікірінше, Шэньчжэньде капитал, технологиялар және арнайы экономикалық аймақтарды басқарудың мол тәжірибесі бар, ал Алатауда табиғи ресурстар, Орталық Азия нарығына шығу мүмкіндігі және тиімді стратегиялық орналасу артықшылықтары бар. Бұл екі қаланы «Шэньчжэнь технологиялары және Алатаудағы өндіріс» қағидатына негізделген жаңа экономикалық модель үшін тиімді серіктес етеді.
Анықтама: Funde-Gemdale Group – көпсалалы инвестициялық-девелоперлік холдинг. Компания жасанды интеллект, цифрлық қаржы, токенизация және виртуалды активтер салаларында жобаларды дамытып, Tencent және Baidu секілді технологиялық экожүйелерге инвестиция салады.
Токендер мен цифрлық валютаға негізделген крипто-қала
Келесі кездесу Ping An Group қаржы және сақтандыру корпорациясының директорлар кеңесінің хатшысы Шэн Жуйшэнмен өтті.
Алатау қаласының тұжырымдамасын таныстырған Қанат Бозымбаев қаланың цифрлық дамуына ерекше назар аударды.
Оның айтуынша, жаңа қала Smart City жүйесіне және жылжымайтын мүлікті блокчейн негізінде тіркеуге сүйенетін өңірдегі алғашқы цифрлық хабқа айналады.
«Бұл толыққанды крипто-қала болады. Мұнда токендер, стейблкоиндер және цифрлық валюталар жүз пайыз деңгейде қолданылады. Сонымен қатар қалада сапалы инфрақұрылыммен қатар заманауи қаржылық, сақтандыру, медициналық және цифрлық сервистер қалыптастырылады», – деді ол.
Анықтама: Ping An Group – 1988 жылы құрылған Қытайдағы ең ірі қаржы және сақтандыру корпорацияларының бірі. Компания сақтандыру, банк қызметтері, активтерді басқару және медициналық технологиялар салаларында жұмыс істейді.
Логистикалық хаб және Қытайға теміржол бағыты
Сол күнгі соңғы кездесу контейнерлік, логистикалық және энергетикалық жабдықтар өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы саналатын CIMC Group компаниясының штаб-пәтерінде өтті.
Қазақстандық тарап Алатауда өндіріс немесе құрастыру алаңдарын орналастыруды және логистикалық хаб құруды ұсынды.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қаланы дамытудың алғашқы кезеңінде кеңселерге, жатақханаларға, қоймаларға және өзге де инфрақұрылым нысандарына арналған жылдам құрастырылатын модульдік шешімдерге сұраныс жоғары болады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты жұмыс тобын құру туралы келісімге келді.
Іс-шараның соңында CIMC Group президенті Гао Сян мен Alatau City Authority мемлекеттік қорының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://tengrinews.kz/article/poisk-recepta-svoego-senczenia-kazaxstan-prezentoval-alatau-4139/