«Алатау қаласы – бұл 100% токенизация мен толық цифрландыруға негізделген, әлемнің түкпір-түкпірінен инвесторларға ашық CryptoCity», – деп мәлімдеді Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Шэньчжэнь қаласында өткен роуд-шоу барысында

Бозымбаев қытайлық БАҚ өкілдеріне не туралы айтты
Форум аяқталғаннан кейін қытайлық журналистердің сұрақтарына жауап берген Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Шэньчжэньді Алатау қаласы үшін негізгі үлгі ретінде атады. Оның айтуынша, Шэньчжэнь балықшылар ауылынан инновациялар орталығына айналып, инвесторлар үшін ашықтықтың жарқын үлгісін көрсетті.
«Біз икемді басқару жүйесі, шешім қабылдаудағы дербестік, қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру, бюрократиялық кедергілерді барынша азайту және шетелдік те, жергілікті де инвесторларға қолайлы жағдай жасау тұрғысынан Шэньчжэнь тәжірибесін негізге алатын боламыз», – деді ол.
Алатаудың болашағы туралы сөз қозғаған Қанат Бозымбаев қаланың толық цифрландырылуына және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануға ерекше назар аударды.
«Алатау қаласында жасанды интеллект барынша кең қолданылады. Барлық үдерістер AI-driven қағидаттарына негізделеді. Бұл – жүз пайыз токенизацияланған және жүз пайыз цифрландырылған “крипто-қала”. Біз әлемнің барлық өңірлерінен, оның ішінде шағын инвесторлардан да инвестиция тартуды көздеп отырмыз», – деп атап өтті вице-премьер.
Алатау болашақта қандай ұғымдармен байланыстырылуы тиіс деген сұраққа Қанат Бозымбаев:
«Алатау – бұл дрондар, дрон-такси, медициналық жабдықтар, ғылым, туризм және білім беру», – деп жауап берді.
Сонымен қатар вице-премьер Қазақстан мен Қытай арасындағы қазіргі қарым-қатынасты «тату көршілік қатынастардың алтын ғасыры» деп бағалап, Alatau City екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды алаңға айналатынын атап өтті.
Оның айтуынша, қала ғылым, туризм, медицина және ұшқышсыз технологиялар, соның ішінде дрон-такси салалары үшін өңірлік хаб болады.
Бизнес қауымдастығының жоғары қызығушылығының нәтижесінде қала бойынша жалпы құны шамамен 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын алғашқы 24 келісімге қол қойылды.
Халықаралық роуд-шоу өз жұмысын Гонконгта жалғастырады. Онда жаңа инвесторлармен шамамен 30 стратегиялық құжатқа қол қою жоспарланып отыр.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.instagram.com/reels/DZZxgBQOUWy/

Алдыңғы мақала

Қытайдағы роуд-шоу аясында «Alatau City Authority» Мемлекеттік қоры Shenzhen Urban Transport Planning Center (SUTPC) орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Келесі мақала