Шанхай күн тәртібі: Қазақстан жаһандық жасанды интеллект архитектурасындағы орны

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхай қаласына жасаған жұмыс сапары және WAIC 2026 Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысуы биылғы жылдың маңызды сыртқы саяси оқиғаларының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект күн тәртібіндегі ұстанымын айқындап, цифрландыруды Астана мен Бейжің арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа тірегі ретінде белгіледі. Цифрландырудың екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа өзегіне айналуы Қазақстан экономикасы үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашатыны туралы Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің сарапшы шолушысы талдайды.
– Қытай халықаралық қоғамдастықта зор беделге ие, оның жетістіктері бүкіл әлемде кеңінен мойындалған. Бүгінде біз Сіздің еліңізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерді ерекше қызығушылықпен бақылап отырмыз. Бұл, ең алдымен, Сіздің көреген басшылығыңыз бен тынымсыз еңбегіңіздің нәтижесі деп санаймын. Мен Сізді өз халқын жаңа белестерге бастайтын қуатты көшбасшы әрі жаһандық деңгейдегі көреген саясаткер ретінде терең құрметтеймін. Біз әрдайым Сіздің игі бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз. Қазақстан Қытаймен мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға әрдайым мүдделі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы саяси диалогтың жаңа серпін алғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде ынтымақтастық өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, цифрлық экономика және жасанды интеллект секілді негізгі бағыттардың барлығын қамтып отыр.
Келіссөздер барысында экономикалық ықпалдастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналады. Екіжақты тауар айналымының көлемі 49 млрд АҚШ долларына жетсе, Қытайдың Қазақстан экономикасына құйған жиынтық инвестициясы 30 млрд АҚШ долларынан асты. Сонымен қатар елімізде қытай капиталының қатысуымен 8,5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Қытай басшысы Си Цзиньпин де екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейіне тоқталды.
– Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптестік сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Сонымен қатар, оны одан әрі дамытуға зор әлеует бар. Қазақстан Президенті Қытайға қатысты достық саясат жүргізіп келеді. Бұл екі ел халықтарының түбегейлі мүдделеріне толық сәйкес келеді, – деді Си Цзиньпин.
Бұл мәлімдемелер Бейжіңнің Қазақстанды Орталық Азиядағы сауда және транзит бағытындағы ғана емес, Еуразияның жаңа технологиялық кеңістігін қалыптастырудағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын тағы бір мәрте айқындады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен Жол картасына қол қойылды. Аталған құжаттар екіжақты өзара іс-қимылдың ұзақмерзімді басымдықтарын айқындап, жаңа инвестициялық және технологиялық жобаларды іске асыруға берік негіз қалайды.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www-inform-kz.cdn.ampproject.org/v/s/www.inform.kz/amp/shanhayskaya-povestka-kazahstan-v-arhitekture-globalnogo-ii-8def1388?amp_gsa=1&amp_js_v=a9&usqp=mq331AQIUAKwASCAAgM%3D#amp_tf=%D0%98%D1%81%D1%82%D0%BE%D1%87%D0%BD%D0%B8%D0%BA%3A%20%251%24s&aoh=17845644059680&referrer=https%3A%2F%2Fwww.google.com&ampshare=https%3A%2F%2Fwww.inform.kz%2Fru%2Fshanhayskaya-povestka-kazahstan-v-arhitekture-globalnogo-ii-8def1388

Алдыңғы мақала

Си Цзиньпинмен келіссөздер және ЖИ форумы: Шанхайда қандай мәселелер қаралды?

Келесі мақала