17.07.2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу рәсіміне қатысты. Шанхайда өтіп жатқан дәстүрлі жиын биыл «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналып отыр.
Мемлекет басшысы бұл конференция Қытайдың жасанды интеллект саласындағы айтулы жетістіктерін айқын көрсететінін атап өтті.
– Бүгінде дүние жүзіндегі жасанды интеллектіні зерттеушілердің жартысынан астамы – Қытай елінің өкілдері. ЖИ саласындағы патенттердің басым бөлігі қытайлық жаңашыл мамандарға тиесілі. Ал елдің қарқынды инновациялық экожүйесі озық технологиялардың көптеген бағытында соны серпіліс жасауда, – деді Президент.
2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылды. Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласының дамуына стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһар болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компанияларды, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалды, – деді Президент.
Сөзін қорыта келе, Мемлекет басшысы еліміздің бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және жан-жақты өркендеу жолында жасанды интеллектінің әлеуетін пайдалануға ниетті барша серіктестермен нәтижелі ықпалдастық орнатуға дайын екенін жеткізді.
Конференцияның ашылу салтанатында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет, Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракул және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-duniezhuzilik-zhasandy-intellekt-zhonindegi-konferenciyada-soz-soyledi-1765028