2026 жылдың 24 шілдесінде Астана көгінде алғаш рет электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемесі (eVTOL) негізіндегі аэротаксидің демонстрациялық ұшуы жүзеге асырылды. Ұшу «Қазанат» ипподромының аумағында өтіп, Қазақстандағы қалалық әуе мобильдігін (Urban Air Mobility, UAM) дамыту жобасын іске асырудағы кезекті кезең болды.
Демонстрациялық ұшу «Samruk-Kazyna» қолдауымен өткен «Болашақ ойындары 2026» (Games of the Future, GOTF 2026) халықаралық турнирі аясында жүзеге асырылды.
Іс-шараны қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) жеке компаниясы eVTOL аппараттарының жетекші өндірушісі AutoFlight (Қытай) компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.
Демонстрация барысында бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity eVTOL аппараты пайдаланылды. Әуе кемесі сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады. Ол 13 электрқозғалтқышпен жабдықталған, дәстүрлі әуе көліктеріне қарағанда әлдеқайда тыныш жұмыс істейді және атмосфераға көмірқышқыл газын бөлмейді.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес AutoFlight Prosperity аппаратының демонстрациялық ұшуы жолаушыларсыз өткізілді. Мұндай формат жаңа авиациялық техниканы алғаш рет көпшілік алдында көрсету кезінде қолданылатын халықаралық стандартты тәжірибе болып саналады. Ол әуе кемесінің ұшу сипаттамалары мен жүйелерінің сенімділігін жолаушылар тасымалына толық сертификат берілгенге дейін бағалауға мүмкіндік береді.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1263171?lang=kk