13.08.2026
Мемлекет басшысы 2026 жылғы қаңтар-шілде айларындағы ақша-кредит саясатын жүзеге асыру қорытындысы туралы есепті тыңдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономикадағы жағдай, іскерлік белсенділік, инфляцияға әсер ететін факторлар және бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндалды.
Жылдық инфляция он ай қатарынан төмендеп, шілдеде 10,2 пайызды құрады. Бұған жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтыну белсенділігінің тұрақталуы, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы бірлесе қабылдаған жан-жақты шаралары ықпал етіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев валюта нарығындағы жағдайдан, Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерінің, сондай-ақ елдің алтын-валюта резервтерінің жай-күйінен хабардар болды. Биыл 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерінің жиынтық көлемі 127,3 миллиард долларды құрады. Alatau City қаржы экожүйесін дамыту мақсатында Ұлттық банк капиталдың жылдам әрі икемді қозғалысын қамтамасыз етуді және қаланың дамуына инвестиция тартуды көздейтін шаралар әзірледі.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісі бірінші жартыжылдықта 2,3 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,7 триллион теңгеге ұлғайып, 27,8 триллион теңгені құрады.
Мемлекет басшысына цифрлық қаржы активтері индустриясы мен Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бойынша тапсырмаларының орындалу барысы таныстырылды. Трансшекаралық төлем жасау үшін стейблкоинді қолдану, инфрақұрылымды дамыту мен токенделген мемлекеттік активтерді шығару жаңа бағыттар ретінде аталды.
Сондай-ақ төлем нарығының жаңа сегменті – лицензияланатын бірінші санаттағы төлем ұйымдары қолданысқа енгізілді. Бұл бәсекелестікті ынталандыруға мүмкіндік беріп, клиенттердің шығындарын азайтады және халық пен бизнес үшін инновациялық цифрлық сервистердің қолжетімділігін кеңейтеді.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.akorda.kz/kz/prezident-ulttyk-bank-toragasy-timur-suleymenovti-kabyldady-1373659