04.09.2026
Алатау қаласында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнесті қорғау тетіктері кеңейтілуде. «Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі, Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті және Алматы облысының прокуратурасы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжат инвесторлардың өтініштерімен бірлесіп жұмыс істеуді, әкімшілік кедергілердің алдын алуды және туындайтын мәселелерді жедел шешуді көздейді.
Меморандум Alatau City-де инвестициялық жобаларды іске асыру барысында тараптардың өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын айқындайды. Инвесторлардың заңды мүдделерін қорғауға, туындауы мүмкін мәселелерді ерте кезеңде анықтауға және мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге ерекше назар аударылады.
Инвестициялық портфельдің өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл жұмыс қала үшін айрықша маңызға ие. Бүгінде Alatau City-дің инвестициялық пулында жалпы құны шамамен 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 67 жоба бар. Оларды іске асыру аясында жұмыспен қамту әлеуеті шамамен 55 000 жұмыс орны деп бағаланады.
Жаңа келісім Alatau City Authority мен прокуратура органдары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға негіз болады. Бұл инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жүйелі жұмысты жолға қоюға және Alatau City-дегі бизнесті қорғау кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://alatau.city/kk/news/alatau-city-authority-zhane-prokuratura-organdary-investorlardyn-quqygyn-qorgau-salasynda-yntymaqtastyqty-kusheytude