Корея Республикасына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Korea Electric Power Corporation (KEPCO), Lotte Hotels & Resorts, Doosan Enerbility және Global Green Growth Institute (GGGI) басшылығымен кездесулер өткізді. Тараптар корей компанияларының Alatau City-дегі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысуын талқылады.
Келіссөздер барысында Қанат Бозымбаев қазақстандық-корей стратегиялық әріптестігінің жоғары деңгейін және жаңа қаланы дамыту үшін озық технологияларды, инвестицияларды және халықаралық сараптаманы тартуға мүдделілігін атап өтті.
KEPCO-мен кездесуде Alatau City-дің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша ынтымақтастық перспективалары қаралды.
Doosan Enerbility және GGGI басшылығымен Alatau City-дің меншікті генерациясын дамыту мәселелері талқыланды. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдана отырып іске асыру алдын ала қарастырылуда.
Сондай-ақ туристік және қонақүй инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Lotte Hotels & Resorts компаниясымен Alatau City-де L7 by Lotte қонақүйі бар көпфункционалды кешенді іске асыру мүмкіндігі талқыланды. Құны $200 млн-нан асатын жоба 180 нөмірлі қонақүйді, кеңсе кеңістіктерін және тұрғын апартаменттерді көздейді.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар талқыланған жобалар бойынша, оның ішінде оларды қаржыландыру және іске асыру тетіктерін айқындау жөнінде бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Alatau City Authority бұл жұмысты салалық мемлекеттік органдармен және әлеуетті серіктестермен бірлесіп үйлестіруді және сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Alatau City-дің инвестициялық портфелі жалпы құны $6,9 млрд болатын, іске асырылуы 55 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 67 жобаны қамтиды.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://primeminister.kz/news/kazakstan-men-zhetekshi-korey-kompaniyalary-alatau-city-di-damytuga-bagyttalgan-zhana-zhobalardy-pysyktauda-31880