Президент Қазақстан мен Корея Республикасы іскерлік орта өкілдері бас қосқан жиынның қатысушыларына ілтипат білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы отыз жылда Астана мен Сеул арасында өзара құрметке, сенімге және шынайы достыққа негізделген берік қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Оның айтуынша, аталған серіктестіктің іргесін белсенді саяси диалог пен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы ортақ ұстаным бекемдей түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы екіжақты тауар айналымы 3 миллиард доллардан асқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, үкіметтер мен компаниялар күш-жігер біріктірсе, бұл көрсеткішті еселей түсуге болады.
– Корея Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді корей капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді. Біз қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, достық әрі серіктестік байланыстарды барынша нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі сапар осыған дейінгі жетістіктерімізді түйіндеп, өзара ықпалдастыққа тың серпін беруге орайлы мүмкіндік беріп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Кореяның іскерлік топ өкілдеріне Алатау қаласын дамыту мақсатында қабылданып жатқан дәйекті шаралар туралы мәлімет берді. Жаңа орталық озық өнеркәсіп салалары пен инновация шоғырланған урбанистік және экономикалық хабқа айналуды көздейді.
– Цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге және заманауи инженерияға негізделген қаланы өркендетуге кореялық серіктестер белсенді атсалысып жатыр. KIND корпорациясымен бірге бас жоспарды және тұрғын үй аудандарын жобалаумен, сондай-ақ басқа да кореялық компанияларды ауқымды жобаға тартумен айналысып жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kazak-korey-dongelek-ustelinin-ashyluynda-soz-soyledi-158331

Барлық жаңалықтар