Қасым-Жомарт Тоқаев Хан Сон Сукты Корея Үкіметінің басшысы болып тағайындалуымен құттықтап, аса жауапты қызметіне табыс тіледі.
– Бүгінде қазақ-корей қарым-қатынастары тұрақты түрде жақсы дамып келе жатыр. Стратегиялық әріптестігіміздің аясында қос тарап үшін де пайдалы болатын көптеген маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Сіздің еліңіз Қазақстанның он ірі сауда және инвестициялық серіктесінің қатарына кіреді. Қазақстанда корей капиталы бар 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ алдымызда тұрған жауапты міндет өте көп. Сіздермен бірге жоспарларымызды ойдағыдай іске асырамыз деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Премьер-министр Хан Сон Сук Корея Республикасы өзара байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін айтты.
– Президент мырза, Сізбен жүздесу – мен үшін зор мәртебе. Өзіңіз атап өткендей, Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Осы саммит аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық, әсіресе, экономика, энергетикалық тасымал тізбегі бағыттарында жандана түседі деп үміттенемін. Сондай-ақ Корея Алатау қаласын дамытуда Қазақстанның әлеуетті серіктестерінің бірі болады деп ойлаймын, – деді Корея Республикасының Үкімет басшысы.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://aqorda.kz/kz/prezident-koreya-respublikasynyn-premer-ministrimen-kezdesti-1581034