Қазақстанда аэротаксимен коммерциялық жолаушылар тасымалын 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Астана, Алматы және Қосшы қалаларында ұшқышсыз таксилерді пайдалану бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба үш жылға есептелген. Сонымен қатар Алматыда дрондар арқылы жеткізу қызметінің пилоттық жобасы іске қосылды.
Астана мен Алатау қалаларында аэротаксилердің демонстрациялық ұшулары өткізілді. Мұндай әуе аппараттарын пайдалану және оларға арналған қону инфрақұрылымын дамыту бойынша заңнамалық өзгерістер қабылданды.
Атап айтқанда, 19 мамырда AutoFlight компаниясы Алатау қаласында демонстрациялық ұшу өткізді. Ал 24 шілдеде AutoFlight Prosperity аппараты «Қазанат» ипподромы үстінен жолаушыларсыз ұшқышсыз ұшу жасады. Бұл аппарат алты адамға дейін тасымалдауға арналған.
Бұдан бөлек, EH216-S аппараты жолаушымен бірге демонстрациялық ұшу жасады. Ол екі адамды тасымалдауға арналған, сағатына 130 шақырымға дейін жылдамдықпен ұша алады және 35 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсереді.
«2027 жылы коммерциялық сапарларды іске қосу және дрондар арқылы жеткізу қызметін кеңейту жоспарланып отыр. Ал 2028 жылы аэротаксидің коммерциялық рейстері басталады», – деді Жаслан Мадиев.
Сонымен қатар Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппараттарын отандық өндіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Министр әрбір кезеңде қауіпсіздік талаптары мен инфрақұрылымның әзірлік деңгейіне басымдық берілетінін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанда аэротаксилер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану бойынша жеке қағидалар әзірленетіні хабарланған болатын.
Дереккөзге сілтеме: https://www.inform.kz/ru/aerotaksi-planiruyut-zapustit-dlyakommercheskih-poletov-v2028-godu-vkazahstane-355e341f