26 қазанда Alatau City қаласында жаңа қаланың негізгі нысандарының біріне айналуы тиіс ауқымды көпфункционалды Iconic Complex кешенінің құрылысы басталды. Мұндай жобалардың маңызы көбіне құрылыс саласының аясынан әлдеқайда кең. Олар инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашады, инфрақұрылымның дамуына серпін береді және іскерлік әрі экономикалық белсенділіктің жаңа орталықтарын қалыптастырады. Осы орайда біз қалаларда мұндай бірегей ғимараттар мен кешендердің қандай мақсатпен салынатынын, олардың экономикаға тигізетін әсерін және құрылыс аяқталғаннан кейін де бұл ықпалдың қалай сақталатынын талдап көруді жөн көрдік.
Алдымен құрылыс саласының негізгі экономикалық көрсеткіштеріне тоқталайық. Құрылыс индустриясы әлемдік экономиканың дамуында маңызды рөл атқарады. Ол тұрғын үй, коммерциялық және инфрақұрылымдық нысандарды салумен ғана шектелмей, өнеркәсіп өнімдеріне, көлік, инженерлік, қаржылық және басқа да қызметтерге сұранысты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар құрылыстың экономикалық тиімділігі нысандарды тұрғызу кезеңімен ғана шектелмейді. Пайдалануға берілгеннен кейін кеңсе, сауда, қонақүй және өзге де көпфункционалды кешендер бизнесті дамытуға, инвестиция тартуға және тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін маңызды алаңдарға айналады.
Alatau City қаласындағы Iconic Complex: Қазақстандағы жаңа экономикалық белсенділік орталығын қалыптастыру
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ірі көпфункционалды кешендер қалалар мен жекелеген аумақтардың экономикасына елеулі ықпал ете алады.
Мәселен, Hudson Yards жобасы толық аяқталғаннан кейін оның Нью-Йорк экономикасына қосатын жыл сайынғы үлесі шамамен 19 млрд АҚШ долларына, ал тұрақты жұмыс орындарының саны 55,8 мыңға жетеді деп бағаланған.
Лондондағы King’s Cross ауданында он жыл ішінде жұмыс орындарының саны үш еседен астам өсті. Ал 2011–2021 жылдар аралығында тұрғын үй жылжымайтын мүлкінің бір шаршы метрінің құны 112%-ға артты.
Бүгінде Canary Wharf іскерлік ауданында күн сайын 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал ICC Sydney конгресс-көрме орталығы тек 2025 қаржы жылының өзінде іс-шараларға қатысушылардың шығындары есебінен Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының экономикасына 746 млн австралиялық доллар көлемінде қаржы түсуін қамтамасыз етті.
Қазақстанда осындай көпфункционалды тұжырымдамаға негізделген жобаны жаңа Алатау қаласында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, еліміздегі болашақтың қаласы ретінде салынып жатқан Alatau City-дің негізгі нысандарының біріне айналатын Iconic Complex кешені туралы сөз болып отыр.
Iconic Complex — кеңсе, қонақүй, тұрғын үй, сауда және қоғамдық инфрақұрылымды біріктіретін ауқымды көпфункционалды жоба.
Жобалық деректерге сәйкес, кешеннің жалпы ауданы 292 мың шаршы метрден асады. Оның ішінде жерүсті бөлігінің ауданы шамамен 227 мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс жүргізуге 12,6 гектар жер телімі бөлінген.
Кешеннің басты сәулеттік нысаны биіктігі 272 метр болатын 53 қабатты T2 мұнарасы болмақ. Онда А санатындағы кеңселер, бес жұлдызды қонақүй және премиум санаттағы апартаменттер орналасады.
Бұдан бөлек, жоба аясында биіктігі 78 метрлік жеке тұрғын үй мұнарасын, ірі компаниялардың штаб-пәтерлеріне арналған алты аз қабатты кеңсе ғимаратын, дүкендер, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарын қамтитын сауда кешенін, сондай-ақ орталық көгалдандырылған алаңды салу көзделген.
Жобалық есептеулер бойынша, негізгі мұнарадағы жалға берілетін кеңсе алаңы 37 мың шаршы метрден асады. Ал аз қабатты кеңсе ғимараттарында қосымша шамамен 27 мың шаршы метр кеңсе алаңы қарастырылған.
Сауда орындарының жалпы ауданы 24 мың шаршы метрге жуықтайды. Кешенге келушілерге, қызметкерлер мен тұрғындарға арналған 2 мыңнан астам автотұрақ орны көзделген. Сонымен қатар кешен аумағының төрттен бір бөлігін жасыл аймақтар алып жатады.
Нысанды Alatau City қаласының болашақ көлік жүйесімен ықпалдастыруға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, кешеннің сауда және қоғамдық кеңістіктері жоспарланып отырған жеңіл рельсті көлік желілері мен экспресс-пойыз бағыттарын ескере отырып жобаланған.
Кешеннің сәулеттік тұжырымдамасы Іле Алатауының табиғи бедерінен шабыт алған. Ал биік ғимараттарды жобалау барысында сейсмикалық төзімділікті қамтамасыз ететін заманауи құрылыс технологияларын қолдану қарастырылған.
Осылайша, Iconic Complex жеке жылжымайтын мүлік нысаны ретінде ғана емес, Alatau City қаласының жаңа іскерлік ауданын қалыптастырудағы маңызды элементтердің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Корпоративтік кеңселердің, қонақүй инфрақұрылымының, тұрғын үйлердің, сауда нысандары мен қоғамдық кеңістіктердің бір аумақта шоғырлануы бизнестің дамуына, қызметтерге тұрақты сұраныстың қалыптасуына және коммерциялық белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасайды.
Халықаралық тәжірибе дәл осындай көпфункционалды жобалардың жаңа қалалық аумақтардың экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қозғаушы күшке айнала алатынын көрсетеді.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://energyprom.kz/articles-ru/industries-ru/bolshaya-strojka-kak-vsego-odin-kompleks-sposoben-obespechit-gorodu-do-3-vvp/