Alatau City қаласында алғашқы зәулім ғимараттың құрылысы басталды. Көпфункционалды Iconic Complex кешені екі мұнараны, қонақүйді, сауда орталығын және кеңсе ғимараттарын біріктіреді. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жобаға салынатын инвестиция көлемі 800 миллион АҚШ долларынан асады. Құрылысты 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Alatau City ұлттық жоба ретінде дамытылуда. Iconic Complex кешенінің тұжырымдамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2 маусымда Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында таныстырылған болатын. Енді жоба құрылыс кезеңіне көшті.
Құрылыстың басталуына арналған салтанатты рәсімге Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты. Ол жобаның ауқымдылығын атап өтіп, құрылыс сапасына, ғимараттың сейсмикалық қауіпсіздігі мен энергия тиімділігіне қойылатын жоғары талаптарға ерекше назар аударды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
«Менің ойымша, бұл ғимарат болашақта тек Alatau City қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның символына айналуы мүмкін. Біз жобаға әлемдік деңгейдегі жетекші сәулет компанияларын тарттық. Олар құрылыс сапасын қадағалап, түпкілікті нәтижеге жауап береді. Егер қандай да бір кемшіліктер анықталса, олар жауапкершілікке тартылып, ірі көлемде айыппұл төлейтін болады. Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде қолданылады. Біз де жаңа талаптарды енгізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы екі ай ішінде олар бекітілуі тиіс», – деді Қанат Бозымбаев.
Iconic Complex кешені Alatau City қаласын дамытудың ауқымды жоспарының бір бөлігіне айналады.
Қазіргі уақытта қаланың инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 7 миллиард АҚШ долларын құрайтын 67 жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар жаңа қаланы дамыту коммуналдық және жол инфрақұрылымын жаңғыртуды талап етеді.
Қазір Alatau City қаласында электрмен жабдықтау, ауызсумен қамтамасыз ету жүйелерін дамыту және жолдарды жөндеу бағыттары бойынша 30-ға жуық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Үкімет инфрақұрылымды жаңғыртуға 35 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://khabar.kz/ru/news/obshchestvo/192118-v-alatau-city-nachali-stroit-pervyj-neboskreb

Барлық жаңалықтар