Алатау қаласында алғашқы зәулім ғимараттың құрылысы басталды. The Iconic көпфункционалды кешені екі мұнарадан, қонақүйден, сауда орталығынан және кеңсе ғимараттарынан тұрады. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жобаға тартылатын инвестиция көлемі 800 млн АҚШ долларынан асады. Құрылысты 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24KZ тілшісі.
Алатау қаласы ұлттық жоба аясында дамып келеді. Iconic Complex кешенінің тұжырымдамасы 2 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары барысында таныстырылған болатын.
Қазіргі уақытта жоба құрылыс кезеңіне өтті. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев кешеннің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Ол құрылыс ауқымына тоқталып, құрылыс сапасын қамтамасыз етудің, сейсмикалық қауіпсіздік пен энергия тиімділігінің маңыздылығын атап өтті.
Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары:
– Менің ойымша, бұл ғимарат уақыт өте келе Алатау қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның символына айналуы мүмкін. Жобаны іске асыруға әлемнің жетекші халықаралық сәулет бюроларын тарттық. Олар құрылыс сапасын қадағалап, жұмыс нәтижесіне жауапты болады. Қандай да бір кемшіліктер анықталған жағдайда, жауапкершілікке тартылып, оларға қомақты айыппұлдар салынады. Бұл – әлемде кеңінен қолданылатын қалыпты тәжірибе. Сонымен қатар біз жаңа талаптарды енгізуді жоспарлап отырмыз. Олар алдағы бірнеше ай ішінде бекітіледі деп күтілуде.
Кешеннің негізгі мұнарасының биіктігі 272 метрді құрайды. Оның 58 қабатында қонақүй, бассейн, сауда орындары және A+ санатындағы кеңселер орналасады. Іргелес аумақта биіктігі 78 метр болатын пирамида пішіндес екінші мұнара бой көтереді.
Жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 800 млн АҚШ долларынан асады. Құрылысты 2029 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Болашақта кешенге дейін метро желісін немесе жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін тарту мүмкіндігі қарастырылуда. Үкімет бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді қаңтар айында қабылдауды жоспарлап отыр.
Жобаның бас мердігері – Қытай мемлекеттік құрылыс-инженерлік корпорациясы (CSCEC). Ал кешеннің сәулеттік тұжырымдамасын америкалық мамандар әзірлеген.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://24.kz/en/802183-construction-begins-on-alatau-citys-first-skyscraper-complex-worth-over-usd800-million

Барлық жаңалықтар