Алатау қаласында Iconic Complex көпфункционалды кешенін іске асырудың басталуына арналған салтанатты рәсім өтті. Жоба кеңсе үй-жайларын, апартаменттерді, қонақүйді, сауда орталығын және қоғамдық кеңістіктерді салуды көздейді. Кешен қаланың қалыптасып келе жатқан іскерлік орталығының негізгі нысандарының біріне айналады.
Iconic Complex-тің сәулеттік тұжырымдамасын америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) бюросы әзірледі. Жобаның бас мердігері ретінде қытайлық China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясы мәлімделді.
Іс-шара барысында қаржыландыру және халықаралық инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов ұзақ мерзімді жобаларды іске асырудағы институционалдық инвесторлардың рөлін және қазақстандық және халықаралық серіктестердің ынтымақтастығының маңызын атап өтті.
«Ұлттық Банк Ұлттық инвестициялық корпорация арқылы осы жобаны іске асыруға қатысып, Алатау қаласын дамытуға үлес қосуда. Біздің жобаға қатысуымыз ел үшін маңызды бастамаларды қолдаудағы және ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру үшін отандық және халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктірудегі қазақстандық институционалдық инвестордың рөлін көрсетеді», – деді Тимур Сүлейменов.
Жобаны бастамашылардың мәліметі бойынша, Iconic Complex-ке жоспарланған инвестиция көлемі 800 млн АҚШ долларынан асады. Құрылысты аяқтау 2029 жылдың соңына жоспарланған.
Алатаудың іскерлік орталығын дамыту қаланың инженерлік және көлік инфрақұрылымын құрумен өзара байланыста жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, сумен жабдықтау нысандарын салу және автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылымды дамыту жаңа инвестициялық алаңдарды қамтамасыз етуге де, халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға да бағытталған.
Iconic Complex Алатау аумағында іске асырылып жатқан ірі инвестициялық бастамалардың қатарына кіреді. Тұтастай алғанда, қаланың инвестициялық портфелі жалпы жоспарланған инвестиция көлемі 6,9 млрд АҚШ доллары болатын 67 жобаны қамтиды. Оларды іске асыру шамамен 55 мың жұмыс орнын құру әлеуетін көздейді.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://alataucity.kz/kz/news-alatauda-iconic-complex-investitsiyalyq-zhobasyn-iske-asyru-bastaldy.html