Қазақстандық делегация Еуропадағы Alatau City инвестициялық роуд-шоуын аяқтады.
Лондон, Берлин және Франкфурт-на-Майне қалаларында өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша жалпы инвестициялық әлеуеті 2 млрд доллардан асатын 27 коммерциялық құжаттан тұратын пакет қалыптастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Роуд-шоудың қорытынды кезеңі Франкфурт-на-Майне қаласында өтті. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация неміс банктерінің, инвестициялық құрылымдар мен халықаралық компаниялардың өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Негізгі назар инфрақұрылымды қаржыландыруға, ұзақ мерзімді капитал тартуға және неміс бизнесінің Alatau City жобаларына қатысуына аударылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Alatau City Authority, Alatau City Bank және Германияның AKA Bank пен KfW мемлекеттік даму банкі сияқты қаржы институттары арасында банктік қаржыландыру тарту жөніндегі келісімдерге қол қойылды. Ынтымақтастық инвестициялық жобаларды қаржыландыруды және Германияда өндірілген жабдықтарды сатып алуды көздейді.
Келіссөздердің жеке бір бөлігі өнеркәсіптік және технологиялық жобаларға арналды. Қазақстан тарапы WILO, Zrinski Solutions, Myron AG, Nikolaus & Co. және Schneider Group компанияларымен кездесулер өткізді. Тараптар инженерлік және сервистік инфрақұрылым құру, медициналық бұйымдар өндірісін ұйымдастыру, активтерді токенизациялау тетіктерін енгізу және инвестициялық консалтингті дамыту перспективаларын қарастырды.
Жалпы, Берлин және Франкфурт-на-Майне қалаларында өткен роуд-шоудың Германия кезеңі аясында инвестициялық әлеуеті 715 млн долларды құрайтын 18 келісімге қол қойылды.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://inbusiness.kz/ru/last/evropa-mozhet-vlozhit-bolee-2-mlrd-dollarov-v-kazahstanskij-alatau-city