Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қаласы Кеңесінің отырысында қаланың алдағы 30 жылға арналған даму стратегиясы талқыланды. Ұзақ мерзімді жоспардың негізінде заманауи қалалық ортаны қалыптастыру, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау көзделген, деп хабарлайды «24KZ».
Қаланың дамуы халық санының болжамды өсімін, жұмыс орындарына деген қажеттілікті және инфрақұрылымдық сұранысты ескере отырып жоспарлануы тиіс. Алатау инвестициялар мен бизнесті тартудың жаңа орталығына айналуы қажет. Осы мақсатта капитал тарту рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған арнайы құқықтық база қалыптастырылуда. Сонымен қатар халықаралық сарапшылардың қатысуымен реттеуші комиссия құрылуда.
Үкімет басшысы қажетті құжаттарды әзірлеу жұмысын жеделдетуді және жоспарланған шаралардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Еске сала кетейік, қарқынды дамушы Алатау қаласында кәсіпкерлік үшін қолайлы орта қалыптастыру – Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттердің бірі.
Әлішер Әбдіқадыров, Alatau City Authority бас атқарушы директоры:
– Сонымен қатар мен Alatau City жобасының Еуропада өткен роуд-шоуының қорытындылары туралы баяндадым. Роуд-шоуға өнеркәсіптік кәсіпорындар, банктер мен инвестициялық қорларды қоса алғанда, 170-тен астам компанияның өкілдері қатысты. Жалпы құны 2 млрд АҚШ долларынан асатын 27 құжатқа қол қойылды. Еуропалық серіктестер қаланың инфрақұрылымын қалыптастыруға, өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға және қаланың дамуын қаржыландыруға жоғары қызығушылық танытып отыр.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://24.kz/amp/ru/news/social/804848-gorod-budushchego-kakim-budet-alatau-v-blizhajshie-30-let

Барлық жаңалықтар