Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Анталияда (Түркия) өтіп жатқан БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 31-ші конференциясының (COP31) жұмысына қатысты.
COP алаңында жыл сайын тұрақты даму және климаттың өзгеруі саласындағы жаһандық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Биыл Саммитке әлемнің 70-тен астам елінің мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілері, ірі халықаралық ұйым мен қаржы институттарының басшылары қатысуда.
«Экологиялық мәселелерді шешу үшін өзара тығыз ынтымақтастықты нығайту қажет. Биыл сәуір айында Астанада бірінші Өңірлік экологиялық саммит өтті. Жиын қорытындысы бойынша қабылданған Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы жөніндегі Астана декларациясы бірлескен іс-қимылдардың негізін қалады. Осынау ортақ ниеттестік бағытында біз үшін анағұрлым өзекті басымдықтардың бірі – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан Мемлекет басшысы БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Біз барлық мүдделі серіктестерді осы процеске қатысуға шақырамыз», — деп атап өтті Премьер-министр.
Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған перспективалы жобалардың қатарында төмен көміртекті қала құруды көздейтін Alatau City жобасы таныстырылды. Қазақстан табиғи қауіп-қатерлерді болжау және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг технологияларын енгізуде. Сөз соңында Премьер-министр Қазақстанның климат саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге дайындығын растады.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://primeminister.kz/news/olzhas-bektenov-prezidenttin-tapsyrmasy-boyynsha-antaliyadagy-cop31-sammitine-katysty-32111

Барлық жаңалықтар