Қазақстан Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан COP31 климаттық саммиті аясында жалпы құны 1,2 миллиард долларды құрайтын келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды «24KZ». Олар жаңартылатын энергетиканы дамытуға және газ инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Атап айтқанда, келісімдер Түркістан облысында қуаты 150 мегаватт, ал Қостанай облысында 1 гигаватт болатын жел электр станцияларын салуды, сондай-ақ деректерді қашықтан жеткізу мүмкіндігі бар миллионнан астам интеллектуалды газ есептегішін орнатуды көздейді. Президенттің тапсырмасы бойынша саммитке Қазақстан делегациясын Премьер-министр бастап барды. COP31 саммитінде сөйлеген сөзінде Олжас Бектенов Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау және жасыл энергетиканы дамыту бағытында қабылдап жатқан шаралары туралы баяндады. Негізгі бағыттардың бірі ретінде ол Мемлекет басшысының жалпыұлттық қозғалысқа айналған «Таза Қазақстан» бастамасын атап өтті. Премьер-министр су қауіпсіздігі мәселелеріне, сондай-ақ жаңартылатын энергетиканы дамытуға да тоқталды. Соңғы алты жылда еліміздегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі төрт есе өсіп, сегіз пайызға жетті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Саммит аясында ұлттық павильон алаңында Қазақстан Солтүстік Аралды қалпына келтіру, Каспий теңізін сақтау, қалдықтарды қайта өңдеу және өнеркәсіптік шығарындыларды азайту жөніндегі жобаларын таныстырды.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://24.kz/ru/news/top-news/805426-kazakhstan-podpisal-na-cop31-soglasheniya-na-1-2-mlrd-dollarov