01.08.2023
Алматы облысының орталығы
ретінде жаңа әкімшілік статусқа ие болғаннан кейін, Қонаев қаласын дамытудың
жаңа стратегиясы айқындалды. Таяу кезде қаланы дамытудың негізгі бағыттары ҚР
Үкіметінің тиісті қаулысымен бекітілген Қонаев қаласының Бас жоспарында
көрсетілген.
Бас жоспардың негізгі
мақсаты – оның барлық элементін өзара байланыстыра отырып,
өнеркәсіптік-коммуналдық және рекреациялық аймақтарды ұтымды бөліп, жайлы және
қауіпсіз тіршілік ортасын құру. Жоспарда қаланың перспективалық шекарасына
қосылатын елді мекендер мен тұрғын үй кешендері де ескеріледі.
Жоспарды іске асырудың
есептік кезеңі 2050 жылға дейін жалғасады. Жоспарға сәйкес, осы кезеңде қала
өңірдің заманауи көпфункционалды әкімшілік, қаржы және мәдени,
өнеркәсіп-инновациялық, көлік-логистикалық, ғылыми-білім беру орталығына,
сондай-ақ Алматы агломерациясының инновациялық-индустриялық, азық-түлік
белдеуі, мұнай өңдеу, газ өңдеу және мұнай химиясы орталығына айналуға тиіс.
Одан бөлек қаланың Алматы облысының басты туристік бағыттарының бірі, судағы
демалыс орны және су спорты, туризм, аң аулау және балық аулау орталығы ретінде
әлеуеті зор.
Еске сала кетейік, Қонаев
қаласы – 1970 жылы Қапшағай СЭС құрылысы кезінде қалыптасқан Алматы облысының
әкімшілік орталығы, Алматы облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.
Қалада 54 907 адам тұрады. Ауданы — 56,03 шаршы км.
2022 жылғы мамырға дейін
қала ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен бекітілген Қапшағай
қаласының Бас жоспарына сәйкес дамыды. 2022 жылғы 3 мамырда қала атауы Қонаев
болып өзгертілді.
2022 жылғы 8 маусымнан бастап Алматы облысының жаңа шекарасы белгіленгеннен кейін қала әкімшілік орталыққа айналды (облыс құрамынан жаңадан құрылған Жетісу облысы бөлінді).
Толығырақ сілтеме бойынша: Қонаев қаласының Бас жоспары қабылданды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы (primeminister.kz)