Gate District аумағындағы Alatau Iconic Complex — Қазақстанның Орталық Азиядағы халықаралық хаб ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған флагмандық жоба.
Жобаның сәулеттік тұжырымдамасын америкалық әлемге әйгілі Skidmore, Owings & Merrill (SOM) архитектуралық компаниясы әзірледі. Кешен Алатау қаласының экономикалық және әкімшілік өзегіне айналып, озық дамудың жаңа нүктесін қалыптастыруға және жаңа іскерлік ауданның стратегиялық әлеуетін ашуға бағытталған.
Жобаның негізінде бірегей сәулеттік шешім, аумақты орнықты әрі оның табиғи және кеңістіктік ерекшеліктеріне сай дамыту қағидаты, сондай-ақ көліктің әртүрлі түрлерін өзара ықпалдастыра отырып, заманауи қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған көлік-транзиттік модель жатыр.
Жоба жалпы ауданы 270 мың шаршы метрден асатын, биіктігі 50 қабаттан жоғары көпфункционалды кешен құруды көздейді. Оның құрамында бес жұлдызды қонақүй, брендтік апартаменттер, сауда алаңдары, тұрғын үй және кеңсе кеңістіктері орналасады. Осы нысандардың барлығы өмір сүруге, жұмыс істеуге, бизнес жүргізуге және демалуға қолайлы, біртұтас қалалық ортаны қалыптастырады.
Жобаның сәулеттік шешімі SOM компаниясының әлемдік деңгейдегі биік ғимараттарды жобалаудағы мол тәжірибесіне негізделген. Компанияның танымал жобаларының қатарында Дубайдағы Burj Khalifa, Нью-Йорктегі One World Trade Center және Шанхайдағы Jin Mao Tower бар. Бұл нысандар аталған қалалардың сәулеттік келбетіне өзіндік сипат беріп қана қоймай, заманауи сәулет, инженерия және орнықты даму салаларындағы озық шешімдердің үлгісіне айналды.
Alatau Iconic Complex кешенінің басты мұнарасының биіктігі 272 метр болады. Осылайша, ол Алматы өңіріндегі ең биік ғимаратқа және Қазақстандағы ең биік ғимараттардың біріне айналады. Мұнара Алатау қаласының жаңа сәулеттік нышанына айналып, оның қалыптасып келе жатқан іскерлік орталығының көкжиегін айқындайтын маңызды нысан болады.
Кешеннің құрылысын әлемдегі ең ірі құрылыс компанияларының бірі — China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) жүзеге асырады. Қытайдың құрылыс индустриясындағы жетекші компаниялардың бірі саналатын CSCEC әлемнің түрлі елдерінде биік ғимараттар, әуежайлар және қалалық инфрақұрылым нысандарын қоса алғанда, ауқымды құрылыс жобаларын іске асырған.
Құрылыс аяқталғаннан кейін Alatau Iconic Complex Алатау қаласының қалыптасуы мен дамуындағы негізгі нысандардың біріне айналады. Кешен жаңа қалалық кеңістікке өзіндік сәулеттік сипат беріп, тәулік бойы — 24/7 форматында өмір сүруге, жұмыс істеуге, бизнес жүргізуге, мәдени және қоғамдық іс-шараларға арналған заманауи көпфункционалды орта қалыптастырады.
Кешен Алатау қаласының көлікке бағдарланған, іскерлік және мәдени өмір тоғысқан жаңа қалалық орталығы болуға бағытталған. Ол Қазақстан мен Орталық Азияда заманауи қалалық ортаны қалыптастырудың жаңа деңгейін айқындайтын, Алатаудың халықаралық танымалдығын арттыратын маңызды сәулеттік нысанға айналмақ.