Алатау қаласына арнайы мәртебе беріледі

10 күннің ішінде Алатау қаласына Үкіметке тікелей бағынатын арнайы мәртебе беру туралы Жарлық жобасын дайындау қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында мәлім етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.


Президенттің айтуынша, оның жуырдағы Қытайға сапары барысында әлемдік деңгейдегі компаниялармен көпмиллиардтық келісімдерге қол қойылған. Сол компаниялардың бірі әлемге әйгілі Шэньчжэнь технополисін салуға қатысқан және енді Alatau City жобасын іске асыруға тікелей атсалысады.


"Келесі қадам – Alatau City үшін мықты институционалдық негіз құру. 10 күннің ішінде қалаға Үкіметке тікелей бағынатын арнайы мәртебе беру туралы Жарлық жобасы дайындалуы қажет", – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жарты жыл ішінде қалаға қатысты бөлек заң қабылданады. Онда қаланы басқару режимі, қаржылық модельдер және басқа да маңызды аспектілер айқындалады.


"Арнайы құқықтық мәртебе – бұл артықшылық емес, керісінше, қажетті шара және құрал. Онсыз жоспарланған идеялардың бәрі қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін. Alatau City өңірдегі алғашқы толық цифрлық қалаға айналуы тиіс: Smart City технологияларын қолданудан бастап, тауар мен қызметті криптовалютамен төлеу мүмкіндігіне дейін. Жаңа қала Қазақстанның болашақ бейнесін айқындап, технологиялық прогресс пен барынша жайлы өмір сүру ортасын үйлестіруі қажет", – деді Президент.

Еске сала кетейік, жаңа Алатау қаласы Қазақстанда 2024 жылы пайда болды. Тиісті Жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. Үкімет жаңа қаланың Бас жоспарын бекітті. Осыған байланысты Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының шекаралары өзгертілді.

Дереккөзге сілтеме: https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/gorodu-alatau-predostavyat-spetsialnyiy-status-580064/

Юрий Цхай: Alatau City жеке қаржы есебінен салынады

Алдыңғы мақала

Келесі мақала