15.10.2025
Оңтүстік Кореяның ірі компанияларына Alatau City
жобасы таныстырылды, деп хабарлайды «24KZ». Алматы облысында салынатын жаңа
қалаға арналған роуд-шоу Сеулде өтті. Инвесторларды тарту мақсатында Кореяға
Қазақстан Үкіметінің делегациясы барды. Делегацияны Премьер-Министрдің
орынбасары Қанат Бозымбаев бастап келді.
Alatau City таныстырылымына Оңтүстік Корея Үкіметі
мен компанияларынан шамамен 400 өкіл қатысты. Қонақтар жобаның ауқымын жақсырақ
түсінуі үшін оны Кореяның ірі қалаларының бірімен салыстырды: Алатау қаласының
аумағы 88 мың гектар, бұл Пусан қаласынан 1,4 есе үлкен.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жаңа
мегаполиске инвестиция тартудың үлгісі ретінде Шэньчжэнь, Дубай және
Рюссельсхайм қалаларын атады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
– Жоба арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алды.
Бұл шетелдік инвесторлар үшін үлкен ынталандырулар ұсынады: корпоративтік табыс
салығынан, жер және мүлік салығынан, жер алымдарынан босату және Алатау
қаласында сатылатын тауарларға қосылған құн салығының (ҚҚС) нөлдік
мөлшерлемесін енгізу.
Қазақстандық Alatau City жобасының алғашқы
таныстырылымының Кореяда өтуі кездейсоқ емес. Біздің елдерімізді терең тарихи
және мәдени байланыстар біріктіреді. Бүгінде Қазақстанда шамамен 100 мың
этникалық корей тұрады. Сол диаспораның өкілдерінің бірі – Қазақстан корейлерінің
қауымдастығының төрағасы әрі кәсіпкер Юрий Цхай – Alatau City жобасын белсенді
түрде ілгерілетіп, жүзеге асырып келеді.
Юрий Цхай, кәсіпкер:
– Бұл жоба 18 жылға созылған күрделі жолдан өтті.
Бірақ қазір Президентіміз бұл жобаны толық қолдап отыр. Тіпті ол бұл жобаны
жалпыхалықтық маңызы бар жоба деп атады.
Толығырақ сілтемеде: https://www.youtube.com/watch?v=96CFajX9rDY