15.10.2025
Сеул қаласында Алматы
облысында салынатын «Alatau City» жобасына арналған екі күндік роуд-шоу өз
мәресіне жетті. Форумға «24KZ» арнасының тілшісі қатысып қайтты.
Алатау қаласын салу кезінде Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның қай салаларда бірлесіп жұмыс істейтіні қазақстандық делегацияның құрамынан-ақ аңғарылды. Сеулге ғылым және жоғары білім, көлік, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық даму министрліктерінің өкілдері барды. Белгілі болғандай, еліміз Алатау қаласын дамытуда Оңтүстік Кореяның «ақылды технологияларды» енгізу тәжірибесін пайдалануды жоспарлап отыр.
Алатау аумағында салынатын алғашқы жоғары оқу орны KAIST — Кореяның алдыңғы қатарлы ғылым және технология институты болуы ықтимал. Бұл бағыттағы келіссөздер екі елдің өкілдері арасында жүргізіліп жатыр.Сондай-ақ, Оңтүстік Корея Үкіметі сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы зерттеулерге инвестиция салуды жоспарлап отыр.Форум барысында Қазақстанның Көлік министрлігі мен Корея әуежайлары корпорациясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Екі ел Алатау қаласында әуе таксиін бірлесе дамытуға келісті.
Қазақстандық
министрліктердің өкілдері атап өткендей, Алатау қаласы әуе таксиін дамытуға өте
қолайлы орын болып саналады. Үкімет жаңа қалада ең заманауи технологияларды
жедел енгізу үшін заңнамаға өзгерістер енгізуге дайын екенін мәлімдеді.Өз
кезегінде, оңтүстіккореялық бизнес өкілдері жақын уақытта Алматыға келіп,
«Alatau City» мегажобасымен тереңірек танысуды жоспарлап отыр.
Толығырақ
сілтемеде:  https://www.youtube.com/watch?v=phLSdJ4Qias