21.11.2025
Премьер-министр
Олжас Бектенов мемлекетік органдар басшыларының, сарапшылар мен урбанистердің
қатысуымен Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Онда
Мемлекет басшысының халықаралық іскерлік белсенділік, инновациялар және
технологиялар орталығын құру бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға
баса назар аударылды.
Кеңес
мүшелері Президенттің Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы
мәртебе беру жөніндегі Жарлығы шеңберінде тиісті институционалдық базаны
әзірлеу барысы мен инфрақұрылым салу және инвестициялар тарту жөніндегі
шараларды талқылады. Alatau Сity Аuthority жаңа мемлекеттік қорының
қызметіндегі мәселелер қаралды.
Премьер-министрге
әзірленіп жатқан «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң
жобасына қатысты ұсыныстар айтылды, олардың ішінде өзінің жеке
реттеушілік және әкімшілік экожүйесін құру, құқықтық және басқарушылық
инновациялар, мемлекеттік сервистердің цифрлық интеграциясы және тағы да
басқалар бар.
Одан
бөлек, құрылыс, энергетика, экология, көлік және ТКШ салаларында, соның ішінде
«ақылды» қала технологиясы шеңберінде де, халықаралық стандарттар мен
инновацияларды енгізу ұсынылып отыр. Кепілдіктерді қамтамасыз ету және
инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шаралар да көзделген.
Маңызды бағыттардың бірі – робототехникалық жүйелерді дамыту және кеңінен
пайдалану, сондай-ақ цифрлық активтердің айналымын реттеу.
Кеңес
мүшелері Алатау қаласында инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру
жөніндегі Жол картасын қарады. Қанат Бозымбаев бүгінгі таңда инженерлік
желілерді жоспарлаудың салалық схемалары бекітілгенін және бірінші кезекте
жобасы жасалып, құрылысы салынатын 30 нысан анықталғанын баяндады.
Бас
жоспарды жүзеге асыру аясында Алатаудың сәулет келбеті мен заманауи қала
құрылысына қатысты шешімдерге ерекше назар аударылды. Caspian Group АҚ
директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай Iconic building іскерлік орталығының
көрнекті ғимараты құрылысын қамтитын, Gate District ауданында жаңа іскерлік
ауданды дамыту жөніндегі жобаны таныстырды. Биылғы қыркүйек айында Мемлекеттер
басшыларының қатысуымен өткен Қазақ-қытай іскерлік кеңесі аясында аталған жоба
бойынша үшжақты келісімге қол жеткізілді.
Толығырақ
сілтемеде: https://primeminister.kz/news/olzas-bektenov-prezident-tapsyrmalaryn-zuzege-asyru-aiasynda-alatau-kalasyn-damytu-zonindegi-kenestin-otyrysyn-otkizdi-30743