03.02.2026
Президент
тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің
төрағалығымен Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Жиында
инвестициялық жобалардың орындалу барысы, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету
бойынша жұмыс қарқыны, сондай-ақ құқықтық экожүйге қатысты мәселелер және
сапалы адами капиталды қалыптастыру тәсілдері талқыланды.
Отырысты
ашқан Премьер-министр Президенттің Alatau City-ді дамытуға ерекше көңіл бөліп
отырғанын атап өтті.
«Мемлекет
басшысы Алатау қаласын ұзақмерзімді экономикалық дамудың жаңа орталығы ретінде
белгілеп, жұмыс барысын тікелей өзі қадағалап отыр. Сонымен қатар жаңа
Конституция жобасында қала дамуының негізгі қағидаттары да қамтылды. Елімізде
арнайы құқықтық режимдердің пайда болуы Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық
мүдделеріне сай әрі инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Алатау қаласын
дамыту – бұл ерекше мәртебеге ие, жеделдетілген дамудың заманауи цифрлық
қаласын құруға бағытталған инновациялық шешім», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұл
ретте елімізде арнайы құқықтық режимдердің пайда болуы елдің әкімшілік-аумақтық
құрылымына әсер етпейтіні баса айтылды. Аумақтың тұрақтылық принципі сақталады
әрі маңызды болып қала береді, бұл оның жаңа Конституция жобасының бірінші
бөлімінде – «Конституциялық құрылым негіздерінде» бекітілуімен дәлелденеді.
Премьер-министрдің
орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласын дамыту бағытында атқарылып жатқан
жұмыстар туралы баяндады. Қазіргі уақытта Парламентте «Алатау қаласының арнаулы
мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы қаралуда.
Институционалдық
база құрумен қатар инвесторлар үшін тартымды орта қалыптастыратын және қала
экономикасының өсуіне жаңа серпін беретін жүйе құраушы жобаларды іске қосу
бойынша практикалық жұмыс жүргізілуде. Басым бағыттар қатарында қаланың
сәулеттік-іскерлік өзегі ретінде Iconic Complex көпфункционалды кешенін және
жоғары білікті мамандар даярлайтын әрі озық технологияларды дамыту орталығы
ретінде KAIST Kazakhstan технологиялық университетін салу жобалары бар.
Alatau
City Authority мемлекеттік қорының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров
Алатау қаласын дамыту бойынша тұжырымдамалық және қала құрылысы жоспарлары,
даму стратегиясы сияқты іргелі құжаттардың әзірленгені туралы баяндады.
Тұжырымдамалық
жоспарды енгізу қаланың стратегиялық және кеңістіктік дамуын айқындайды. Қала
құрылысы жоспары мен даму стратегиясы аймақтарға бөлуді және құрылыс
параметрлерін, сондай-ақ тұрғын үйдің өмір сүру ортасының сапасына қойылатын
талаптарды, оның ішінде ғимараттардың биіктігі бойынша шектеулерді,
көгалдандыру және абаттандыру нормаларын, аумақтың желдетілуін және жеке
көліктер мен автотұрақтардың қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Даму стратегиясы
салалық актілер мен инвестициялық жоспарды бекітуге, сондай-ақ Алатау қаласының
жедел дамуын қамтамасыз ету үшін преференциялар беруге негіз болады.
Сапалы
адами капиталды қалыптастыру тәсілдері жеке қарастырылды. Шэньчжэнь, Дубай және
Сингапурдың табысты тәжірибесін ескере отырып, Алатауда адами капиталды
қалыптастырудың кезеңдік моделі ұсынылады. Бұл модель сапа басымдығы бар еңбек
ресурстарының басқарылатын және селективті ағыны принциптеріне
негізделген.
Негізгі
бағдарлардың қатарында көші-қон саясатын экономиканың қажеттіліктерімен
байланыстыру, жұмыспен қамтуды институционалдық реттеу және ел ішінде дағдылар
мен құзыреттерді жүйелі жаңғырту есебінен еңбек нарығының жоғары білікті және
басқарушылық сегменттеріндегі қазақстандық мамандардың барынша жоғары үлесін
қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау көрсетілген.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://primeminister.kz/news/investiciialar-zane-infrakurylym-premer-ministr-memleket-bassysynyn-tapsyrmalary-aiasynda-alatau-kalasyn-damytu-zonindegi-kenes-otyrysyn-otkizdi-31052