04.07.2026
Инвесторлардың қызығушылығын қандай жобалар тудырып отыр
Бүгінде Alatau City жобасы бойынша күтілетін инвестициялар портфелі шамамен 4 млрд АҚШ долларын құрайды. Қазіргі таңда инвесторлар 50-ден астам жобаға нақты қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Alatau City Authority бас атқарушы директорының реттеуші саясат жөніндегі орынбасары Арман Тастанбеков Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта инвесторлармен алдын ала келіссөздер жүргізіліп, заңдық міндеттеме жүктейтін келісімдер жасалмағанымен, нақты қызығушылық білдірілген жобалардың жалпы инвестициялық портфелі шамамен 4 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл 50-ден астам жобаны қамтиды», – деді Арман Тастанбеков.
Оның айтуынша, аталған жобалар бойынша әлеуетті инвесторлармен алдын ала келіссөздер өткізілген. Әзірге заңдық күші бар келісімдерге қол қойылмағанымен, инвесторлар жобаның жұмыс істеу шарттарымен және қалыптасып жатқан реттеуші-құқықтық базамен танысып үлгерген.
Инвесторлар білім беру, экологиялық таза өндіріс, цифрлық активтер және басқа да перспективалы салалардағы жобаларға қызығушылық білдіруде. Қазіргі уақытта Alatau City аумағында Mars және PepsiCo халықаралық компаниялары жұмыс істейді. Сонымен қатар еуропалық, оңтүстіккореялық және сингапурлық инвесторлар тарапынан да қызығушылық сақталып отыр.
«Олар біздің жұмыс істеу шарттарымызбен және енді ғана қалыптасып келе жатқан, алайда үлкен үміт күттіретін реттеуші базамен танысты», – деп атап өтті Арман Тастанбеков.
Оның сөзінше, қазіргі инвестициялық портфельдегі бірқатар жоба жақын уақытта іске асыру кезеңіне өтуі мүмкін. Бүгінде бірнеше шетелдік компаниямен келіссөздер жалғасып, өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қоюға дайындық жүргізілуде.
Ресми мәліметке сәйкес, Alatau City қаласын дамытудың 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді инвестициялық жоспарының жалпы көлемі 10,4 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 3,1 трлн теңгені 2030 жылға дейін игеру жоспарланған.
Бұған дейін жақын кезеңге арналған қаланың инвестициялық портфелі 1,5 трлн теңгеден 1,8 трлн теңгеге дейін ұлғайғаны, ал мақұлданған жобалар саны 32-ден 44-ке артқаны хабарланған болатын.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://forbes-kz.cdn.ampproject.org/v/s/forbes.kz/articles/v-alatau-city-hotyat-privlech-eshe-okolo-4-mlrd-investitsiy-2e484b/amp?amp_gsa=1&_js_v=a9&usqp=mq331AQIUAKwASCAAgM%3D#amp_tf=%D0%98%D1%81%D1%82%D0%BE%D1%87%D0%BD%D0%B8%D0%BA%3A%20%251%24s&aoh=17833080225357&referrer=https%3A%2F%2Fwww.google.com&share=https%3A%2F%2Fforbes.kz%2Farticles%2Fv-alatau-city-hotyat-privlech-eshe-okolo-4-mlrd-investitsiy-2e484b