Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оңтүстік Корея Премьер-министрі Хан Сон Сук Alatau Smart City жобаларымен танысты. Бұл туралы Kazinform агенттігі Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Презентация барысында Alatau City дамуының негізгі бағыттары таныстырылды. Олардың қатарында заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау, цифрлық технологияларды енгізу және қалалық мобильділіктің жаңа түрлерін дамыту бар.
Жоба аясында кореялық серіктестердің практикалық қатысуына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, KIND, KAIST және Korea Airports Corporation компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылатын K-Smart Town құру, білім беру және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту, қалалық әуе мобильділігін енгізу, сондай-ақ цифрлық модельдеу және жасанды интеллект технологияларын қолдану бағыттарындағы бастамалар таныстырылды.
Сонымен қатар, UAM/UTM қалалық әуе мобильділігін басқару жүйесі таныстырылды. Жүйе ұшқышсыз ұшу аппараттары мен аэротаксилерді пайдалануды көздейді.
Alatau City жобасы қала құрылысы, білім беру және ғылыми зерттеулер, өнеркәсіп пен логистика, цифрлық технологиялар және инвестициялық ынтымақтастық бағыттарын біріктіретін ашық халықаралық платформа қалыптастыруға бағытталған.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://www.inform.kz/amp/alatau-city-stanet-ploshadkoy-dlyavnedreniya-koreyskih-tehnologiy-iii-21aa3ebd