Alatau City-де токенизация технологиясы сынақтан өткізіліп, цифрлық деректер нарығын құру жоспарлануда. Бұл бизнес үшін цифрлық өнімдер мен сервистердің жаңа нарығын қалыптастыруға, ал инвесторлар үшін технологиялық жобаларды дамытуға арналған қосымша бағыттарды ашуға мүмкіндік береді.
BCC Hub және Astana Data Exchange сияқты компаниялармен ынтымақтастық та қаланың қалыптасып келе жатқан цифрлық экожүйесінің маңызды бөлігіне айналады.
Alatau City-ді дамытуға бағытталған жаңа келісімдер Астанада өткен халықаралық Digital Bridge форумының алаңында жасалды. Жоспарға сәйкес, бірқатар пилоттық жобаларды іске қосу және қажетті цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру көзделіп отыр.
Бұл бизнес пен инвесторларға жаңа бизнес-модельдер мен цифрлық өнімдерді тәжірибеден өткізуге, ал қала үшін озық технологиялар негізінде заманауи сервистер мен басқарудың неғұрлым тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Freedom Holding Corporation бас атқарушы директоры Тимур Турлов Астанада өткен AI & Digital Bridge форумы барысында Alatau City жобасының маңыздылығына тоқталды:
«Alatau City жобасы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қазіргі кездегі басымдықтары мен негізгі бағыттарының айқын көрінісі деуге болады. Бұл – өте ауқымды жоба. Оның технологиялар мен инновацияларға негізделуі қуантады. Қазақстанда бұл бағыт өте қарқынды дамып келеді және Мемлекет басшысы шетелдік сапарлары мен дипломатиялық кездесулерінің барлығында осы әлеуетке ерекше назар аударады.
Мемлекеттік деңгейде жасанды интеллектіні дамытуға басымдық бере отырып, тұтас қалалар қалыптастырып жатқан әлем елдері көп емес. Мемлекет басшысы шетелдік сапарлары барысында Alatau City-ді Орталық Азия мен Еуропа экономикаларын байланыстыратын қақпа ретінде атап жүр.
Болашақ қаласы Қазақстандағы іскерлік белсенділіктің, инновациялар мен технологиялық дамудың жаңа орталығы ретінде қалыптасуда. Енді мұнда тұрғын үйлер, жылжымайтын мүлік нысандары мен азаматтарға көрсетілетін қызметтер толық цифрландырылады. Нәтижесінде адамдар, компаниялар және мемлекеттік органдар бір жүйе аясында өзара әрекеттесе алатын токендер экономикасы қалыптасады».
Қасым-Жомарт Тоқаев та Астанада өткен AI & Digital Bridge форумы аясында Alatau City жобасының халықаралық инвестициялар мен технологияларды тартудағы әлеуетін атап өтті:
«Бұл жоба – цифрлық дәуірдің барлық талаптарын ескере отырып, бастапқы кезеңнен-ақ жобаланған Орталық Азиядағы алғашқы «ақылды қала». Ол немістің институционалдық капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін байланыстыратын практикалық көпірге айналуы мүмкін.
Alatau City бүкіл Еуразия кеңістігінде таланттар, технологиялар мен бизнес шоғырланатын жаңа орталық болады деп сенемін».
Бүгінде Alatau City-дің инвестициялық портфеліне жалпы құны шамамен 7 млрд АҚШ долларын құрайтын 67 жоба кіреді. Оларды іске асыру нәтижесінде шамамен 55 мың жаңа жұмыс орнын құру әлеуеті бар.
Жобалардың басым бағыттарына жасыл энергетика, фармацевтика, логистика, дата-орталықтар мен цифрлық инфрақұрылым, жоғары технологиялық агроөнеркәсіп, сондай-ақ Кореяның озық ғылым мен технологиялар институтының (KAIST) кампусын құру жобасы жатады.

Барлық жаңалықтар