Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжон Ки Хон Қарағанды облысына ресми сапармен барды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде экономикалық, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Өңір басшысы облыстың кореялық инвестицияларды тартуға және бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа ерекше тоқталды.
Қазіргі уақытта «Саран» индустриялық аймағында Samsung тұрмыстық техникасын шығаратын зауыт жұмыс істейді. Алдағы уақытта мұнда оңтүстіккореялық Samsung Medison компаниясымен серіктестік аясында ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппараттарын өндіру жоспарлануда.
— Біз жобаны толық сүйемелдеуге және барлық ұйымдастырушылық әрі инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешуге дайынбыз. Жобаның табысты жүзеге асырылуы кореялық компаниялармен өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамытуға және өңірге жаңа жоғары технологиялық өндірістерді тартуға негіз болады деп сенемін. Біз Корея Республикасымен қарым-қатынасты дамытуға зор мән береміз және сауда-экономикалық, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Елші бұған дейін индустриялық аймақта болып, зауыттың жұмысымен және жаңа жобаны іске асыру перспективаларымен танысқанын айтты.
— Қазақстандағы қызметім басталғаннан кейін бұл — өңірге жасап отырған алғашқы ресми сапарым. Ынтымақтастықтың әлеуеті зор деп ойлаймын. Алдағы уақытта тығыз байланыста жұмыс істейтін боламыз, — деді Чжон Ки Хон.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://inkaraganda.kz/main_news/uspeshnyj-opyt-sotrudnichestva/