26 қазанда Алатау қаласында инвестиция көлемі 800 миллион АҚШ долларынан асатын Iconic Complex жобасының құрылысына ресми түрде старт берілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстандағы жаңа қаланың сәулеттік символына айналуы тиіс ауқымды жобаның іске қосылу рәсіміне әлемнің түкпір-түкпірінен мәртебелі қонақтар жиналды.
Атап айтқанда, Қытайдан CSCEC International компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Гао Бо арнайы келді. Аталған компания жобаның бас мердігері болып табылады.
Қанат Бозымбаев пен Габриэле Пасколини
Еуропадан белгілі сәулетші Габриэле Пасколини келді. Ол Дубайдағы Бурдж-Халифа, Нью-Йорктегі Бостандық мұнарасы (Freedom Tower) және Чикагодағы Уиллис-тауэр сынды әлемге әйгілі нысандардың жобаларымен танылған Skidmore, Owings & Merrill (SOM) халықаралық сәулет бюросының өкілі.
Осылайша, SOM компаниясының Қазақстандағы жобалар портфелі тағы бір маңызды нысанмен толықты. Бұған дейін компания Астанадағы Talan Towers кешенінің тұжырымдамасын әзірлеген болатын.
Қазақстан Үкіметінің атынан іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты. Ол Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовпен және өзге де қонақтармен бірге болашақ кешеннің құрылыс алаңын аралап, құрылысшылардың баяндамасын тыңдады және ресми рәсімде сөз сөйледі.
Вице-премьер бұл күнді жобаны жүзеге асырудағы маңызды кезең деп атап өтті.
«Iconic Complex жобасы нақты іске асыру кезеңіне өтіп, қаланың жаңа келбетін қалыптастырудың бір бөлігіне айналады. Кешен Алатаудың көрнекті нысандарының бірі әрі біз қалыптастырып жатқан заманауи қалалық ортаның жарқын үлгісі болады деп күтілуде», – деді Қанат Бозымбаев.
Үкімет басшысының орынбасары құрылыс жұмыстары барысында сапа мен сейсмикалық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ ол мұндай халықаралық деңгейдегі жобаның жүзеге асырылуы отандық компаниялар мен мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде құрылыс компаниясының өкілдері Iconic Complex жобасын стратегиялық маңызы бар басым бағыттардың бірі ретінде бағалады.
«Біз жобаның ең жоғары стандарттарға сәйкес жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, үздік командалар мен ресурстарды жұмылдырамыз. Жобаның барлық қатысушыларымен бірлесе отырып, ұлттық маңызы бар жаңа сәулеттік көрікті нысан қалыптастыруды көздеп отырмыз», – деді CSCEC International компаниясының басшысы Гао Бо.
Жобаны 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Егер ... болмағанда, бұл жоба ешқашан іске қосылмас еді»
Бұдан кейін сөз Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі, Caspian Group компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Юрий Цхайға берілді.
Ол Iconic Complex Қазақстанда жаңа технологиялық қаланы қалыптастыру жолындағы ауқымды жұмыстың бір кезеңі ғана екенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай бастамалардың жүзеге асуына Мемлекет басшысының шешімдері негіз болғанын жеткізді.
Юрий Цхай
«Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей саяси ерік-жігері, белсенді қолдауы және мемлекеттік органдардың жоғары деңгейдегі атсалысуы болмағанда, бұл жоба ешқашан іске қосылмас еді. Өзге жағдайда, басқа елде мұндай нәтижені елестетудің өзі қиын болар еді. Небәрі төрт жылдың ішінде Alatau City өзінің арнайы экономикалық аймағына, қала мәртебесіне, нақты белгіленген шекарасына және ерекше құқықтық реттеу режиміне ие болды. Сонымен қатар жоба халықаралық деңгейде табысты таныстырылды», – деді Юрий Цхай.
Тимур Сүлейменов
Жобаның маңыздылығына Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов те тоқталды.
Қаржы реттеушісі Iconic Complex жобасын іске асыруға Ұлттық инвестициялық корпорация арқылы қатысуда.
«Біздің жобаға қатысуымыз қазақстандық институционалдық инвестордың ел үшін маңызды бастамаларды қолдаудағы, сондай-ақ ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру мақсатында отандық және халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктірудегі рөлін көрсетеді», – деді Тимур Сүлейменов.
Iconic Complex қандай кешен болады?
Жоба авторларының тұжырымдамасына сәйкес, Iconic Complex кеңсе ғимараттарын, апартаменттерді, қонақүйді, сауда орталығын және қоғамдық кеңістіктерді біріктіретін көпфункционалды кешен болмақ.
Iconic Complex сәулеттік тұжырымдамасының негізіне Іле Алатауының табиғи келбеті алынған. Ғимараттардың пішіні мен қасбеттерінде тау бедері, жартастардың қырлары және мұздықтардың табиғи өрнектері көрініс тапқан.
Алатаудағы салтанатты рәсім Iconic Complex құрылыс алаңында естелік тастың ашылуымен аяқталды.
Осылайша, Қазақстандағы жаңа қаланың басты сәулеттік биіктігіне және айрықша нышанына айналуы тиіс ауқымды жобаның құрылысына символикалық түрде бастау берілді.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://tengrinews.kz/news/pervyiy-neboskreb-novogo-goroda-alatau-dali-start-iconic-611675/amp/

Барлық жаңалықтар